Фархат Шәріпов: «Жүлдені күткен жоқпыз»
Қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтің «Схема» атты фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде гран-приді ұтып алды. Отандық «Схема» кинотуындысы Германияның басты кинофестивалінде Generation секциясы бойынша гран-приді жеңіп алды. Аталған номинацияға балалар және жасөспірімдер туралы фильмдер қатысқан.
Жүлде фильм режиссері Фархат Шәріповке тапсырылды. Айта кетейік, драма жанрындағы отандық туындыда басты рөлдерді дебютант актерлар сомдап шықты. Олардың өзінің рөлін шынайы сомдағаны сондай, шетелдік көрерменді бірден қызықтырған көрінеді. Киноның алғашқы көрсетілімі өткен үлкен кинозал лық толы болды делінген жаңалықта. Келушілердің басым көпшілігі — жастар. Көрерменге фильмді таныстыруға туынды режиссері Фархат Шәріпов және креатив продюсері Юлия Ким келді.
Режиссерге kznews.kz тілшісі бірнеше сауал қойып, жауабын алды.
- Осы тақырыпта фильм түсіру керек деген ойға қалай келдіңіз? Сценарий қалай жазылды?
— Жалпы сценарийді жүзеге асыру бізге қиынға соқты. Өйткені, бізге тура түсірілім барысында сценарийге өзгерістер енгізуге тура келді. Сценарийді аяқтап, қайта жаздық. Одан бөлек, туындыны эпидахуалға байланысты шектеу шаралары кезінде түсірдік. Бұл бізге көп қиындық туғызды. Фильмді түсіруге тура бір жыл уақыт кетті. Сценарий шынымен де өте ауыр болды. Себебі, онда баяндалған жайттар шын өмірде де кездеседі.
Бұл менің жасөспірімдер тақырыбына арналған екінші фильмім. Бірақ фильм жас немесе өсу туралы емес, кәмелетке толмағандарды ересектердің жыныстық қанауының шектен шыққан схемасы туралы.
- Актерлерге іріктеу қалай жүргізілді?
— Біз іріктеу арқылы өмірінде алғаш рет киноға тап болған қыз-жігіттерді таптық. Іріктеуге басты рөлдегі актриса Виктория Романова құрбысымен бірге келді. Біз оны алғаш көргенде ол 14 жаста еді. Вика мен құрбысын кастингтің екінші кезеңіне шақырғанымызда қызық оқиға болды, оның құрбысы жалғыз келіп, Виканың келгісі келмейтінін айтты. Дәл осылай құрбысы бәсекелестен құтылғысы келген екен. Нәтижесінде, құрбысы да эпизодтық рөлге ие болып, түсірілім алаңында екеуі татуласқанға ұқсайды. Меніңше, екінші ер рөлін сомдаған Тайыр Свинцов та бастапқыда бағын сынауға ғана келген.
Басты рөлдерді сомдаған ересек актерлер Евгения Ксенаки, Ян Томингас және Еркін Ырыс да әуесқой, бірақ соған қарамастан олардың жұмысқа, түсірілім процесіне көзқарасы жоғары кәсіби болды, сол үшін де оларға үлкен рахмет! Менің ойымша, барлық актерлер өз міндеттерін жүз пайыздан жоғары орындады, өйткені, кейде 40 дубльге дейін түсіруге тура келді, сонда да ешқайсысы берілмей, процеске барын салды.
— Түсірілім процесі қалай өтті?
— Әрине, пандемия туралы айтатын болсақ, біз, барлық түсіру топтары сияқты кестемізді шектеулерге сәйкес келтіруге мәжбүр болдық. Бірақ, біздің хикаямыз басты кейіпкердің бір жылдық өмірін сипаттайтындықтан, мен төрт мезгілде түсіру керек екенін алдын ала білдім. Түсірілім мерзімі бір жылға ұзартылатыны айқын болды. Бірақ, кейбір түсірілім нысандарына қол жеткізуде үлкен қиындықтарға тап болдық, мысалы, біз сауда орталығында түсірілімге рұқсат алу үшін бір жылға жуық күттік, рұқсат алып, ішке кіргізген кезде, сауда орталығының теңіз тақырыбында безендірілгенін көрдік. Бұл жоғарыдан келген белгі сияқты көрінді және күтудің барлық жағымсыз сезімдерін сызып тастап, күш пен ынта-жігер берді. Біз көктемде, вакцинация басталмай тұрып, түсіруді бастадық. Біздің түсіру тобымыздың жартысы, сақтық шараларына қарамастан, түсірілім кезінде COVID жұқтырды, кейбір мүшелері аурудың ағымынан өте ауыр өтті. Мен мұны өз кәсібіңнің алдындағы ерлік деп санар едім.
Жалпы, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өте ұзақ өндіріс уақытына (бір жылға жуық уақыт) қарамастан, үнемі өзгеріп отыратын кестеге қарамастан шыдамдылық танытқан бүкіл түсірілім тобына құрмет пен алғысымды білдіргім келеді. Олар өз ісіне деген сүйіспеншілік пен адалдық арқасында фильмді соңына дейін жеткізді. Рахмет достар!!!
- Жүлде аламын деп ойладыңыз ба?
— Біз «Берлиналиге» бірінші рет қатысып отырмыз, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Біз осы үлкен кинофестивальдің бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз, бірақ жүлде күткен жоқпыз. Біз қазылар алқасына олардың таңдауы үшін алғыс айтамыз, біздің фильмнің осындай талғампаз аудиторияда резонанс тудырғаны өте қуантады.
Сұхбаттасқан Торғын Төлегенқызы