Falcon 9 зымыраны интернет тарататын 60 жасанды жер серігін ғарышқа шығарды

0

АҚШ кәсіпкері Илон Масктың SpaceX жекеменшік корпорациясы әзірлеген Falcon 9 зымыран-тасығышы Жер орбитасына ғаламдық интернет желісін құруға арналған 60 шағын Starlink жасанды жер серігін шығарды. Бұл туралы компания Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Екі бөліктен тұратын Falcon 9 АҚШ-тың Канаверал мүйсіндегі ғарыш айлағынан сейсенбіге қараған түні ұшырылғаннан кейін арада сегіз жарым минут өткенде зымыранның осымен төртінші мәрте пайдаланылған бірінші бөлігі автоматты түрде Атлант мұхитының АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатына жақын тұсындағы теңіз бетіндегі Of Course I Still Love You платформасына өздігінен қонған.

Falcon 9 зымыраны Starlink жасанды жер серіктерін 290 километр биіктегі Жер орбитасына жеткізді. SpaceX инженерлері олардың қалай жұмыс істеп тұрғанын тексеріп болғаннан кейін жер серіктеріндегі ионды қозғалтқыштар іске қосылып, тағы да бірталай биікке көтеріледі.

Starlink жобасы аясында ғарышқа осымен үшінші рет жер серіктері шығарылды. Алғашқы 60-ы былтыр мамырдың соңында, екінші тобы – қарашаның аяғында ұшырылған.

SpaceX компаниясының жоспары бойынша, 12 мың жасанды жер серігінен тұратын ғаламдық жүйе толық іске қосылғаннан кейін жер шарының кез келген түкпірінен кең жолақты интернет байланысына қосылуға мүмкіндік тумақ. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестицияның жалпы құны – 10 миллиард доллар деп бағаланған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз