Facebook-ті дүр сілкіндірген 10 оқиға: Toyota компаниясының мәрттігі
2018 негативке де, позитивке де толы жыл болды. Шыны керек, «адамды өлтіріп кетті, зорлап кетті, тірідей өртеніпті» деген сынды негатив жаңалықтар халықтың есінде сақталып қалады. Тіпті талқылауға дес бермес тақырыптар десек те болады. Ал сол 365 күнде әлемде қаншама жақсылықтың жасалғанына хабардарсыз ба? 2018 жыл әлемде қандай жағымды жаңалықтарымен есте қалды, әлемді сүйсінткен қандай оқиғалар орын алды, бір жылда бүкіл әлемді өзгерткен кейіпкерлер кім? Сондай оқиғалардың 10-ын тізіп көрдік.
Facebook – ұлы күш. Ерекше оқиғаңызды жазсаңыз, әп-сәтте бүкіл әлемге танымал болып шыға келесіз. 2017 жылғы көрсеткішке сәйкес, Facebook әлеуметтік желісіне 2 миллиардқа жуық адам тіркелген. Төмендегі оқиғалардың бәрі дерлік аталмыш желіге жарияланып, танымалдылыққа ие болды.
1.7 жасар бала қайтыс болған әкесіне хат жазады. Қызығы, баланың хатына жауап келген.
«Пошташыға. Мына хатымды көкке әкеме жібере аласыз ба? Бүгін оның туған күні еді. Рақмет».
Шотландия тұрғыны, 7 жасар Джейс Хиндманның әкесі осыдан 4 жыл бұрын о дүниелік болған. Бірақ Джей мен әпкесі әр жыл сайын әкелерінің туған күнінде құттықтау хатын жазып тұрады. Алайда осы жолғысы ерекше еді. Бала кезекті хатын пошташыдан көкке жеткізіп беруін өтінген. Бірнеше күннен соң балаға пошта қызметінен жауап та келген. Онда «хатыңыз еш қиындықсыз тиісті мекен -жайға жеткізілді. Жұлдыздармен және ғарыш нысандарымен алысып отырып жеткіздік» делінген. Джейстің анасы Тери Копленд болған оқиғаны Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Бірақ жазбасының аса танымал болып кетерін ана білмеді. 502 мың қолданушы «Ұнату» белгісін басып, 276 мың адам Repost жасаған. Бұл көптің көңілін толғандырған, періште жүректің сенімін таптамауға үйреткен керемет оқиғаның бірі осы болды.
2.Итальяндық IKEA-ға қаңғыбас иттер қоныстанған. Қызметкерлер иттерге барынша қамқорлық танытып жүр, кейбір иттерді сатып алушылар да табылған.
Италиядағы Катания қаласында IKEA қызметкерлері қаңғыбас иттер үшін дүкен есігін ашық қалдырып қойған. Иттер мұнда кіріп ұйықтайды, жатын бөлмелерде жылынады, ал қызметкелер оларды тамақтандырады. Дүкенге кірген тұтынушылар дүкеннен жаңа затпен емес, тіпті итпен шығып жатады.
3.Ер адамға жоғалған әмиянын қайтарып берген, бос қалпы емес, ішіне 40 доллар салып…
Оңтүстік Дакота тұрғыны Хантер Шаметт әпкесінің үйлену тойы үшін Лас Вегасқа ұшып барады. Алайда ұшақта әмияны мен құжаттарын жоғалтып алады. Әмиянының ішінде 60 доллар ақша болған. Жігіттің көңіл-күйі түсіп, табылатынынан үмітті болмады. Бірнеше күннен соң Хантерге сәлемдеме келеді. Ашып қараса, өзінің әмияны мен хат жатыр екен. Онда «Хантер, сенің әмияніңді Омаха ұшағынан тауып алдым. Орындық пен ұшақ қабырғасының ортасына түсіп қалыпты. Ішіндегі 60 доллардың жанына тағы да 40 доллар салып қойдым. Әмияніңді қайтарғаныңның құрметіне жақсылап тойларсың» деп жазылған екен.
Бұл оқиғаны анасы Джинни Шамэтт Facebook-тегі жеке парақшасында бөлісті. Әрі хаттың иесін де іздестіріп жатқанын жазған.
4. Калифорниялық дәрігер өрт кезінде өзінің Toyota көлігімен адамдарды өрттен алып шыққан. Көлік жанып кетті, есесіне адамдар аман қалды. Ал компания медикке жаңа көлік сыйлады.
Калифорнияның Парадайз қаласының тұрғыны Аллин Прис адамдарды ормандағы жанған өрттен құтқарып қалды. Toyota көлігіне отырып, науқастарды құтқару үшін ол ауруханаға екі мәрте оралған. Бұл оқиғадан кейін Аллин көлігінің өртенген түрін суретке түсіріп, Facebook желісіндегі парақшасына салады. «Toyota Tundra менімен қоса бірнеше адамның өмірін құтқарып қалды» деп жазады. Артынша Toyota компаниясының ресми аккаунтынан Аллинге хабарлама келеді. Онда «Toyota Tundra-мен қоса өз өміріңізді құрбан етіп, адамдарды өрттен құтқарып қалғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Алаңдамаңыз, біздің компания өртенген көлігіңізді жаңасымен ауыстырып беруге дайын» деп жазылған.
5.Ресейлік жігіт өз ақшасына мүгедектер мен ардагерлердің пәтеріне жөндеу жұмыстарын жасап беріп жүр.
Екатеринбург тұрғыны Антон Савчук өз ақшасына үйге арналған жабдықтарды сатып алып, жөндеу жұмыстарын жасап жүр. Тегін… Кімге дейсіз ғой? Мүгедектер мен ардагерлердің үйлеріне… Дәл қазіргі уақытта мүгедек әйел мен 95 жастағы соғыс ардагерінің пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Бұл туралы Антон өзінің YouYube каналында баяндап отырады.
6.Кәсіпкер қаңғыбасқа жұмыс беріп, өмірін өзгертті.
Отис Оуилл Вильямс есімді кәсіпкер Facebook желісіндегі парақшасында ерекше қызметкер жайлы пост жазды. «Осыдан 7 ай бұрын бұл жігітті уақытша жұмысқа орналастырған едім. Оның не үйі, не ішер асы, не киімі болмаған. Көпірі жағалап жүрген бір бейбақ еді. Жұмысқа тұрған күннен бастап, бірде — бір рет кешіккен емес, жұмысын тиянақты орындап жүрді. Ал бүгін ата-анасымен қауышты, көлігі де, киімі де бар. Әрі менің компаниямның ресми қызметкері», — деп жазды. Отистің мейірімділігі желі қолданушыларын тәнті етті, ол әлеуметтік желіде 200 мың «ұнату» белгісін жинады.
7.Дүкенде белгісіз біреу адамдардың азық-түлігінің ақшасын төлеп берген.
Америкалық Джул Энн Гейтс Facebook-тегі парақшасына дүкенде болған таңғаларлық оқиғаны жазыпты. Өзі ұлына сыйлық алмақ болып дүкенге барған. Ақшасын төлеу үшін кассаға келсе, адамдар бәрінің ақшасын өзі төлеп жатқан мейірмді жан жайлы күбірлесіп тұрады. Расында, белгісіз жан Джуллдың да 200 долларын өзі төледі. «Әлгі жұмбақ жанға алғыс айтудан жалықпаймын!» деп жазды әйел парақшасына.
8.Таксист артқы орындықта әмиянын ұмытып кеткен жолаушыны көлікте 8 сағат күткен.
Дублин тұрғыны, ресейлік Варвара Борцова жеке парақшасына таксишінің бойындағы ерекше қасиетті жазып, халықты бір марқайтып алды. «Бүгін таңғы 5-те Мәскеуге қонып, такси ұстадым. Жүргізуші Қырғызстаннан келген екен, үйге жеткенше әңгімелесіп бардық. Үйіме келіп, бір мызғып алуды жөн көрдім де, оянған соң әмиянымды әлгі таксиде ұмытып кеткенімді түсіндім. Қолдау қызметіне хабарластым, бірақ көлік табылмады. Картамды бұғаттамақ болғанда, терезеге үңілген әкем аулада такси көлігінің тұрғанын айтты. Үйден атып шықсам, қырғызстандық таксиші тұр екен. Мені аулада 8 сағат бойы күткен екен. «Осыншама уақыт ұйықтауға бола ма екен? Тоңып қалдым ғой!» деп жымиып тұр. Қуаныштан ба, білмедім, жылап жібердім де, жігітті құшақтадым. Ол да жылады. Тіпті «тамақтандың ба?» деп те сұрамаппын ғой? Ол – ғажап адам. Оған алғыс ретінде көп ақша бердім, бірақ ризашылығым шексіз еді».
9.Мұғалім ұшақта өзімен ұшып бара жатқан жолаушыға кедей отбасынан шыққан оқушылар жайында айтып берді. Мұны естіген өзге жолаушылар оқушыларға ақша жинап, мұғалімнен беріп жіберді.
Чикаголық мұғалім Кимберли Бермудес әкесінің көңілін сұрап қайту үшін Флоридаға ұшады. Ұшақ ішінде жанында отырған ол жолаушымен тіл табысып кетеді. Жолаушы мұғалімнен «жұмыс барысында ең қиын соғатын не нәрсе?» деп сұрағанда, Кимберли «мектепке аш келіп, аш кететін, киерге киімі жоқ кедей отбасынан шыққан оқушыларға қарау – қиынның қиыны» деп жауап береді. Сөйтіп артқы орындықта Кимберлидің сөзін мұқият тыңдап отырған тағы бір жолаушы «оқушылар үшін» деп ақша береді.. Тағы екі жолаушы дәл осылай істейді. Бұл жайында жеке парақшасына жазған мұғалім жалпы 530 доллар ақша жиналғанын айтты.
10.Пиццерия қоқыс шелегінен тамақ іздеген қаңғыбас үшін есігіне хабарландыру іліп қойды.
Reddit қолданушысы Солтүстік Дакотадағы пиццерияның есігінен ерекше хабарламаны байқап, суретке түсіріп алады. Онда «Бұл біздің қоқыс шелегімізден тамақ іздеп жүрген адамға арналады. Қоқыстағы тамаққа емес, сіз бар жақсыға лайықты жансыз. Біздің мейрамханаға кіріп, тегін тамақтанып кетуіңізді өтінеміз. Артық сұрақ қоймаймыз» деп жазылған.