Facebook қолданушыларының деректері хакерлер қолына түсті

0

Желтоқсан айында 267 миллион Facebook қолданушысының дерегі интернетте жарияланып кетті. Comparitech сайтының жазуынша, негізінен АҚШ-тағы әлеуметтік желі қолданушыларының деректері ұрланған.

Сарапшылардың айтуынша, интернетте қолданушылардың аты, Facebook ID және телефон нөмірлері жарияланған. Comparitech сайтының пікірінше, хакерлер бұл деректерді спам жіберу үшін қолдануы мүмкін. Сарапшылар деректердің ұрлануына Вьетнам хакерлерінің қатысы бар деп болжайды. Олар ақпаратты хакерлер форумына салған болуы мүмкін.

Facebook басшылығы оқиғаның жай-жапсарын зерттеп жатыр. Компания өкілі бұл деректер Facebook-тың ақпарат қауіпсіздігі саласында саясаты өзгергенге дейін ұрланған болуы мүмкін дейді.

2018 жылдың басында журналистер британдық Cambridge Analytica компаниясын АҚШ-та Дональд Трамптың сайлауалды кампаниясы жалғасып жатқан кезде Facebook қолданушыларының деректерін заңсыз пайдаланды деп айыптаған. 2016 жылы Швейцарияның Das Magazine журналы бұл деректер әлемдегі түрлі сайлау нәтижелеріне (оның ішінде Ұлыбританиядағы Брекзит бойынша дауыс беру де бар) ықпал ету үшін пайдаланылған болуы мүмкін деп жазды.

Бұл даудан кейін компания басшысы Марк Цукербергтің АҚШ конгресіндегі тыңдауда жауап беруіне тура келді. Компания деректерді өңдеу саясатын қатаңдатуды, адамдардың жеке дерегін қорғау саясатын өзгертетінін мәлімдеген. Cambridge Analytica бұл даудан кейін жұмысын тоқтатты.

Azattyq