Ежелгі татар елінде
Бұл сапарда қазақстандық ардагерлердің делегациясы негізінен Қостанай облысының ардагерлерінен құралған болатын. Оның құрамында кезінде Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрі болған А.Середенко, Қазақстан Парламентінің бұрынғы депутаты О.Киколенко, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қостанай университетінің профессоры, танымал ақын С.Оспанов, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының басшысы, жазушы Г.Ахметшин, Ұлы Отан соғысының ардагері Л.Дячков тәрізді елге аты мәлім тұлғалар болды. Ал аталған сапардың осы облыстың іскер азаматтары М.Қабдысалықов пен М.Ахмедзяновтың қолдауымен іске асқанын атап өткеніміз жөн.
Татарстанның ардагерлер ұйымының басшысы Хабир Иштиряков ардагерлер ұйымының бүгінгі күндері атқарып жүрген жұмыстарымен таныстырды. Ардагерлер арасында екі жыл сайын өткізіліп тұратын «Балқыш – Сияние» атты ардагерлердің концертіне шақырды. Сазды татар әндері мен шабытты билері, хор өнері тамашалаушылардың ойынан шығып, өнерпаздарға қошемет көрсетті. Біз де еліміздің атынан татар бауырларды құттықтап сөз сөйледік. Сонымен бірге қазақстандық ардагерлер Татарстанның Еңбек және әлеуметтік қолдау министрі Э.Зарипованың қабылдауында болып, республикада ардагерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлықпен, қолдаумен танысты.
Сапар барысында Татарстан Республикасы мен Қазақстан Республикасының Қостанай облысының ардагерлер ұйымдары арасында Ресей мен Қазақстан арасында, оның ішінде Татарстан мен Қазақстан арасында бұрыннан жұмыс істейтін шарттық қатынасқа негізделген меморандумға қол қойылды. Онда Татарстан мен Қазақстанның Қостанай облысы ардагерлер ұйымының, бауырлас халықтардың рухани құндылықтарын, жастардың патриоттық қозғалысын дамыту, аға буынға қамқорлық көрсету ісіне лайықты үлес қосып келе жатқаны атап көрсетілді. Сондай-ақ ардагерлер ұйымының басшылары Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының көпұлтты халықтарының арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға, Татарстан мен Қазақстан республикаларының ардагерлер ұйымының байланысын одан әрі өрістетуге, дәстүрге сүйене отырып, мәдени-рухани тәжірибемен алмасуды жалғастыруға, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.
Жалпы, Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастық 1997 жылдың 25 тамызында бекітілген Қазақстан мен Татарстан үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық қағидаттары туралы келісімге негізделген. Ұзақ жылдар бойы Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы аясында Қазақстан Татарстанның тұрақты экономикалық серіктесі болып табылады. Мұны екі ел арасында жиі болатын жоғары деңгейдегі сапарлар айғақтайды.
Екі ел арасындағы барыс-келіс республикалар кәсіпорындарының ынтымақтастығына серпін береді, соның нәтижесінде тауар айналымы да арта түседі. Мәселен, 2017 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы сыртқы сауда айналымы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып, 702,9 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқан татарстандық кәсіпорындар арасында «КамАЗ», «Татнефть», «ТАИФ», «Қазан тікұшақ зауыты», «КМПО» АҚ, «ЕлАЗ» АҚ, «КЭР-Холдинг» компаниялар тобы және «Татспиртпром» АҚ бар.
Елордадағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында да жұмыс жалғасын табуда. Татарстанның Инвестициялық даму агенттігі АХҚО-мен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Татарстандық мамандар мұның исламдық қаржыландыруды іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік беретінін және өздерінде Ислам экономикасы орталығын құру жұмысына айтарлықтай көмектесетінін айтып отыр.
Қазақстанда 200 мыңнан астам татар диаспорасы тұрады. Елімізде олардың ана тілін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтауына барлық жағдай жасалған. Әуесқой татар ансамбльдері мен театр ұжымдары жұмыс істейді, татар тілінде мерзімді басылымдар шығарылады, Орал қаласында Ғабдолла Тоқай орталығы мен музейі құрылған, Семейде «Ертіс моннары» атты татар әндерінің жыл сайынғы фестивалі өтеді, татар өнер мектептері бар. Астана, Алматы, Петропавл, Павлодар, Өскемен қалаларында татар жексенбілік мектептерінің жұмысы жолға қойылған.
Сапар барысында тарихи шаһармен жақынырақ танысудың сәті түсті.
Татарстанда 1500 мешіт болса, соның 68-і Қазан қаласында. Жаңа шағын аудан салынған кезде мешіт құрылысы міндетті түрде жоспарланып, орны қалдырылады екен. Біз атақты Құл Шариф мешітінде болдық. Бұл мешіттің бір ерекшелігі – күндіз-түні, тәулік бойы имамдар кезектесіп Құран оқиды. Бұл Сауд Арабиясындағы Әл-Харамнан кейін үздіксіз Құран оқылатын екінші мешіт болып табылады.
Мешітте өтетін некені тіркеу, сәбилердің есімін қою, өлім жөнелту шаруаларына кәсіпкерлер қол ұшын созып, демеушілік жасайды. Бірақ оны жария етуге кәсіпкерлер де, діни қызметкерлер де құлықты емес. Жаратушының рақымшылығы үшін жасалған жұмысты насихаттау артық деп санайды.
Біз болған және бір мешіт – Шаhабуддин Маржани мешіті. Аты әйгілі теолог, тарихшы Шаhабуддин есімін Орта Азия халықтары да жақсы біледі. Оның қаламынан туған ұлы ойшылдар туралы 7 томдық кітап Абай жастанып оқыған кітаптардан саналады. Әуелі Бұхарада, содан соң Самарқанда білімін ұштаған Маржани 1849 жылы елге оралып, 1850 жылдан бастап Қазан мешітіне имамдыққа тағайындалады. Маржани артына 33 діни еңбек жазып қалдырған үлкен ғалым.
Ал Маржанидің шәкірті Айжарық Бижомартұлы Қамараддин Семей қаласындағы Риза медресесінде Абайға сабақ берген. Ол сондай-ақ Баянауылда Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлын да оқытқан.
ХІХ ғасырда Қазан қаласы шығыс халықтарының тарихын, мәдениетін зерттейтін, мәдени мұрасын басып шығаратын аса ірі орталықтардың біріне айналған. Шығыс халықтарының ана тілінде жарияланған кітаптардың жетпіс пайыздан астамы Қазанда басылып тұрған. Соның ішінде бір мыңнан астам қазақ кітабы бес миллион данамен тараған.
Туысқан халықпен қарым-қатынасымыз тарих тереңінен бастау алып, бір-бірінің жан-жақты өркендеуіне септігін тигізсе, ол байланыс ХХІ ғасырда да жалғасын тауып келеді. Татарстанға жасаған сапарымыз да соның бір айғағы. Қорыта айтқанда, бауырлас елдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, меймандос, ақжарқын татар халқының, республиканы мекендеген басқа да халықтардың тату-тәтті өміріне қанығып, елге көтеріңкі көңіл күймен оралдық.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық
бірлестігі Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы, профессор