Ежелгі Тараздың іргетасын қалаған кім?
Онда Тараздың іргетасын ғұн билеушісі Шажа (Чжи-Чжи) қалаған деп көрсетеді. Деректерге сүйенсек, б.з.д. І ғасырдың соңында Талас пен Сырдария өзендерінің маңында Қаңлы мемлекеті өмір сүрген. Олар жетісулық үйсіндермен жау болған. Үйсіндер қаңлыларды қыспаққа алған соң қаңлылар Ғұн мемлекетімен одақ құрмақ болып, олардың билеушісі Шажаны шақырады. Шажаға қаңлы көсемінің Таласқа шақыру туралы ұсынысы өте қолайлы болды. Ол 3 мың жауынгермен келгенімен қаңлылар жеңіледі. Сөйтіп Шажа мен қаңлылардың арақатынасы үзіледі, ол Талас өзенінің маңында қалып, өзіне қала соға бастайды. Екі жылда 500 жұмысшы соққан қала мықты бекініс болып шығады. Қаланың қабырғасы екі қабаттан: сыртқы қабаты ағаштан, ал ішкі қабаты лайдан соғылады. Кейбір деректерде қаланы тұрғызуға Рим легионерлері де атсалысқаны айтылады.
Таразда қолөнер өндірісі жақсы дамыған.
Тараз – оры, төрт қақпасы мен қамалы бар, бау-бақшасы көп, халық тығыз қоныстанған үлкен қала. Қалада үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, сонымен бірге қаланың үстінен өтетін көпірі бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр, – деп жазады араб географы Әл-Макдиси.
Ал қытай саяхатшысы Сюань Цзянь “Мұнда көп елден келген саудагерлер тоқтайды және олар тауардың сан алуан түрімен сауда жасайды”, – деген. Үш ғасыр өткен соң Ибн Хаукаль Тараздағы сауда туралы “Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын орны”, – деп жазады.
Қала орнының аумағы 90 гектарға жуық. Мұнаралары, қамалдың қабырғаларынан қалған қалдықтар да сақталған. Археологиялық қазба кезінде зороастриизмге тән жерлеу орны табылды. Негізі қаланы қазғанда бес мәдениет қабаты анықталған. Соның ішінде X-XII ғасырлардағы мәдени қабат Тараздың сол заманда қарқынды дамығанын дәлелдеп берді. Үшінші қабат керамикасының ерекшелігі – қара және қоңыр түстермен ұштасқан күңгірт-қызыл бояулардың басымдығы. Тараздағы тұрғын үйлер қоғамдық ғимараттарға қарағанда тым ұсақ болған. Тротуарлар, қыш құбырлардан тұратын сумен жабдықтау жүйелері Тараздың өркениеті қаншалықты алда болғанын көрсетеді. Мысалы, XI-XII ғасырларда Тараз өзінің шығыс үлгісіндегі моншаларымен атақты болған. Монша ыстық өткізгіш арналар жүйесімен жылытылған. Қабырғаларын өрнекті суреттермен әшекейлеген. Махмұд Қашқари Тараз тұрғындары түрік және соғды тілдерінде сөйлегенін жазған. ХІ ғасырда Таразда ақша сарайы жұмыс істеген. Археологиялық қазба кезінде Тараздан соғылған күміс дирхемдер табылды.
Ежелгі Тараздың тарихы тереңде жатыр. 568 жылы түрік қағаны ордасында Византияның елшісі Земархты қабылдаған. Қала VI-IX ғасырларда қарлұқтарға қарады, ал Исмаил Ахмет жаулап алғаннан кейін саманидтердің иелігіне өтті. Х ғасырдың соңы мен ХІ басында Тараз Қараханидтер мемлекетінің астанасы, Дех, Адахкес, Бехлу, Шелжі, Сус, Нужикес, Хамукат, Жікіл сияқты қалалардың орталығы болды.
Өзінің қаншама жылдық тарихында Тараз бірнеше рет қирауға ұшырады. 1210 жылы қаланы Хорезм шахы Мұхаммед монғолдардың бермеу үшін әдейі талқандаған көрінеді. 1219-20 жылдары моңғолдар, 1307 жылы шағатайлықтар Тараздың тас-талқанын шығарды. Қала ретінде тек ХV ғасырға дейін өмір сүрген. Сосын ХVІІІ ғасырға дейін жай елді-мекен болды. Тарихшы С.Байтіленнің айтуынша, жоңғарлар 1723 жылы Таразды қиратқан соң, орнына 1774 жылы Абылай хан Әулиеата қаласын қайта көтереді. Осылайша Тараздың қайта гүлденуіне Абылай ханның қосқан үлесі зор.
Дереккөз: Baribar.kz