Евгений Пригожин Украинадағы соғысты қолдап, пікір жазатын кремльботтарды құрып жатыр

0

Путиннің «аспазы» атанып кеткен Евгений Пригожин басқаратын құрылым Украинадағы соғыс туралы жаңалық, видео, постардың астына пікір қалдыру үшін адамдар жалдап жатыр, — деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Azattyq.org сайтына сілтеме жасап. Телеграмда «Кибер зона Z» деген чат құрып жұмыс істеп жатқан кремльботтар жайлы «Фонтанка» сайтының зерттеуінде айтылады.

Сайттың тілшісі іріктеуден өтіп, бір күн кремльбот болып жұмыс істеген. Іріктеу кезінде тілшіге «жұмыс ауыр емес, күніне телеграм мен басқа да платформаларға 200-дей пікір жазасың» деген. Бір ауысымда жүз адам істеген. Оларға «Вконтактеге аса көп пікір жазудың қажеті жоғы» айтылған. Себебі бұл желідегі ақпарат «сәл-пәл болса да бейтарап».

Тілшіге іріктеуден өтер кезде:

«Кураторлар чаттар мен каналдарды, қай жазбаның астына не жазу керегін анықтайды. Көп сөз жазудың қажеті жоқ, екі-үш сөйлем жазса жеткілікті. Сендерге осы салада бұрыннан істеп жүрген қызметкерлеріміз көмектеседі» деген.

Кураторлар жұмысқа алынғандарға «саясат» және «жаңалық» деген айдармен шыққан тренд видеолардың астына патриоттық ой қалыптастыратын пікір жазуды тапсырған.

«Фонтанканың» жазуынша, Кремль тролльдарының жұмысы былай жүреді: арнайы чатқа патриоттық каналдарға шыққан видеолар мен ақпараттарды тастайды. Боттар әртүрлі аккаунтпен бұл ақпаратты танымал видеолардың астына пікір ретінде қалдырып кетеді. Мысалы, мұндай пікірлер «Настоящее времяның» жаңалықтарының астына қалдырылған.

Жұмыс күні аяқталғанда боттар кураторларына қанша пікір жазғанын скриндеп жібереді.

«Жалақыны әр айдың 15 күні төлейді. Бұл жоба 9 мамырда аяқталатыны, мамырдағы айлықты бөлек төлейтіні де айтылады» деп жазады сайт.

Кураторлардың бірі жалақы айына 45 мың рубль (шамамен 220 мың теңге) екенін, боттар екі күн жұмыс істеп, екі күн демалатынын» айтқан. Сайт тілшісі боттар командасында жұмыс істейтіндердің көбі Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдайтынын, Украинадағы орыстарды құтқару керек деп ойлайтынын байқаған.

Фонтанка тілшісі тролльдар командасында жұмыс істейтін Қазақстан тумасы Саша есімді жігітпен де сөйлескен. Ол бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан Ресейге келгенін, Украинадағы орыс тілді жұрттың «жағдайын жақсы түсінетінін» айтқан.

«Қазақстанда жақсы жұмыс табуға 0.1 пайыз ғана мүмкіндігім болды, себебі мен орыстілді едім» дейді ол.

(фото vedomosti.ru сайтынан алынды)