Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы туралы резолюция қабылдады

0

14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы резолюция қабылдады. Еуропарламент Қазақстан билігін «адам құқықтарын құрметтеп, халықаралық талаптарды орындауға, саяси қудалауларды тоқтатуға» шақырды.

Құжатта Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174 және 274-баптарын (ұлтаралық араздық қоздыру және жалған ақпарат тарату) қолдану арқылы белсенділер мен журналистерді қудалайтыны айтылған.

Еуропарламент Астананы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, оны қолдағандарды қудалады» деп сынады.

Еуропарламент резолюциясында кәсіподақ жетекшілері Нұрбек Құшақбаевтың, Әмин Елеусіновтің, Лариса Харькованың, белсенділер Ардақ Әшім, Макс Боқаев, Ескендір Ерімбетов, Елена Семенова, Абловас Жұмаевтың есмдері аталады.

Резолюцияда «Қазақстанда саяси тұтқындар артып келе жатыр. Әйелдерге зорлық-зомбылық жасалады. ЛГБТ өкілдеріне қысым көп» деп жазылған.

Еуропарламент Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуды, құқық қорғаушылар мен тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарына қысымды тоқтатуды, БАҚ туралы заңды қайта қарауды, демократия құндылықтарын бағалауды талап етті.

«Қазақстанда адам құқықтары жыл сайын нашарлап барады. Еуропарламент Қазақстанға қатысты қандай да бір шара қабылдауы тиіс» деді депутат Хейди Хаутала.

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті де өз есебінде Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған.

Азаттық