Еуропарламент Брекзит туралы келісімді мақұлдады
Еуропарламент Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы туралы келісімді мақұлдады. Құжатқа 621 депутат қолдап дауыс берді, 49-ы қарсы болды, 13-і қалыс қалды. 30 қаңтарда оны Еуропа Одағы кеңесі бекітуі тиіс.
Дауыс беруден кейін депутаттар тұрып, шотланд ұлтының дәстүрлі Auld Lang Syne әнін орындады. Бұл әнді біреумен қоштасқан кезде жиналыстарда немесе кездесулер кезінде айтады. Парламенттің кейбір мүшелері көзіне жас алды.
Ұлыбритания Еуроодақтан 31 қаңтар Лондон уақытымен сағат 23:00-де шығады.
Ұлыбритания Брекзит туралы референдум өткеннен кейін 3,5 жылдан соң Еуропа Одағынан шығайын деп отыр. Британ парламенті Еуроодақпен келісімді мақұлдаудан бас тартқандықтан Брекзиттің мерзімі үш рет шегерілді. Өткен жылы премьер-министр болып сайланған Борис Джонсон Еуроодақпен жаңа келісім жасасты, ізінше кезектен тыс парламент сайлауы болып, онда жеңіске жетті. Басым көпшілігі консерваторлар отырған қауымдар палатасынан құжат еш қиындықсыз өтті.
Ұлыбритания Еуроодақтан шыққаннан кейін аралық кезең басталады. Ол 2020 жылы 31 желтоқсанға дейін созылады. Осы уақыт аралығында Ұлыбритания мен Еуроодақ арасында жаңа сауда келісімі жасалуы тиіс.
Ұлыбритания Еуроодаққа 1973 жылы қосылған, ол одақтан шыққан алғашқы ел атанды.