Еуропа украиналық босқындарды қабылдауға дайындалып жатыр

0
Орталық Еуропа елдері соңғы жағдайларға байланысты украиндық босқындардың келуіне дайындалып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап.

Еуропалық Одақтың шығыс қапталындағы барлық елдер бір кездері Мәскеу басқаратын Варшава пактісінің бір бөлігі болған және қазір НАТО-ның мүшелері. Олардың ішінде Польша, Венгрия, Словакия және Румыния Украинамен құрлықта шекаралас.

24 ақпанда украиндықтар Польшаға жол тарта бастағаны хабарланды. «Медыrа» өткізу бекетіне жүктерімен және балаларымен бірге ондаған адам келген.

Польша ішкі істер министрінің орынбасары Павел Шефернакер алдағы бірнеше сағат ішінде Польша-Украина шекарасына жақын Люблин және Подкарпакье воеводстволарында тарату пункттері пайда болатынын айтты. Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, бұл қадамдар Украинадан босқындарды қабылдаудың алдын ала дайындалған жоспарын жүзеге асырудың бастамасы болып табылады. Жоспар босқындарды қабылдап, кейіннен елдің басқа аймақтарына таратуды көздейді.

Сонымен қатар, Польша денсаулық сақтау министрлігі ауруханаларда жараланған украиндарға төсек дайындағанын, ал поляк армиясы кейбір бөлімшелердің дайындық деңгейін арттырғанын хабарлады.

«Польша аумағына кірген әрбір адам медициналық көмекке, соның ішінде ауруханаға жатқызылуына қол жеткізу үшін бәрін жасаймыз», — деді министрлік.

Куәгерлердің айтуынша, Киевтен келген шағын топтардың да Берегшуран бақылау бекеті арқылы Венгрияға өткен.

Словакия Украинамен шекараға 1500-ге дейін әскер жібереді, онда қосымша бақылау-өткізу пункттері орнатылады, деп хабарлады қорғаныс министрі Ярослав Надь. Венгрия да өз әскерін шекараға жіберуді жоспарлап отыр.

Болгария президенті Румен Радев елінің Украинадан құрлық арқылы 4 мыңнан астам этникалық болгарларды эвакуациялауға дайындалып жатқанын және басқа украин босқындарын қабылдауға дайын екенін айтты.

Ал Германия Украинамен шекаралас елдерге гуманитарлық көмек ұсынды. Неміс бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Украинадан ЕО-ға 200 мыңнан миллионға дейін адам көшуі мүмкін.

Еске салайық, Ресей президенті Владимир Путин қарсаңында Донбасста арнайы әскери операция басталғанын хабарлаған болатын.