Еуропа одағы Ресейге салынған санкциялар мерзімін тағы бір жылға ұзартты

0
73

Еуропа одағы Ресей аннексиялап алған Қырым мен Севастопольге салынған санкциялар мерзімін тағы бір жылға ұзартты. 12 маусымда Еуропа одағының тұрақты өкілдері мақұлдаған шешім әуелгідей – 2014 жылы Ресейдің аталған аумақтарды «заңсыз аннексиялап алуына жауап ретінде» қабылданған. Одақ Қырым мен Севастопольді Украина аумағы деп санайды.

Санкциялар Еуропа одағы азаматтары мен еуропалық компанияларға Қырымнан тауар тасымалдап, түбек экономикасына үлес қосуға, онда көлік, телекоммуникация мен энергетика саласының өнімдерін жіберуге тыйым салады. Сондай-ақ еуропалық компанияларға Қырымда туристік кәсіппен айналысуға рұқсат етілмейді.

20 маусым күні жыл сайын өтетін тікелей байланыс кезінде Ресей президенті Владимир Путин «Батыс санкциялардан Ресейден аз шығынға ұшырамады» деді. Путиннің сөзінше, «керісінше шектеу шаралары экономиканың кейбір саласын жұмылдыруға жәрдемдесіп, пайдасын тигізген».

Еуропа одағы Ресейге бірнеше раудпен санкция салған. Оның ең қатаңы Мәскеудің Донбасстағы сепаратистерді қолдауымен байланысты. Одақ өкілдері «шектеу шаралары Кремль Минск келісімін орындаған соң, «Қырым санкциялары» Украина аумағының тұтастығы қалыпқа келгеннен кейін алынады» деп бірнеше рет мәлімдеген.

Халықаралық ұйымдар Қырым аннексиясын заңсыз деп танып, Ресей әрекетін айыптайды. Батыс елдері Ресейге осыған байланысты санкция салды. Ресей түбекті жаулап алғанын жоққа шығарады және «тарихи әділдік орнады» деп санайды.

Azattyq