Еуропа ГМО-сыз өнімді бағалай бастады, ал біз ше?

0

ГМО: жеке бастың мәселесі емес, қоғамның дертіне айналып барады

Қазақстан үшін алдағы үш жылда  азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты талаптарды қатайту керек. Олай етпесек, ішкі нарықты гендік модификацияға (ГМО) түскен өнімдер басып алу қаупі басым. Бұл саланы жете зерттеп жүрген генетик ғалымдар алға тартып отырғандай, қазір әлем бойынша 2000-нан астам өсімдік түрін қосу арқылы көкөніс, жеміс-жидек, азық-түліктер  гендік модификациялық  жолымен көптеп  алына бастаған. Әлем бойынша, соя, қызанақ, қияр, жүгері арахис, бидай, картоп, сәбіз тәрізді өнімдерді химиялық екпе салып-ақ өсіріп, түсімін көбейтіп алу жиілеп барады. Табиғи жолмен өнім алу мәселесі қазір өзекті болып отыр.  Осыдан болар, біздің қоғам ГМО қосылған өнімдерді де талдап, таразылай алмай жатады. Цитогенетик ғалым Феруза Бекбосынованың айтуынша, бұл мәселе жеке бастың ғана проблемасы емес. Аңғарғанға, бұл қоғамның үлкен дертіне айналып барады.

Еуропа ГМО-сыз өнімді бағалай бастады ал біз ше?

Генетик ғалым Феруза Бекбосынова алға тартып отырғандай, қазір әлем бойынша ГМО-сыз өнімдер өте жоғары бағаланып отырған тұс. Ал біздегі қарапайым көпшіліктің дені бұл мәселеге аса мән бермей жүр.

«Зерттеулер көрсетіп отырғандай, біздің халықтың ГМО-ға келгенде сауаттылығы төмен. Қазір сіздің өзіңіз дүкеннен өнім алып жатқанда оған ГМО қосылған ба, қосылмаған ба, нақты  тексеріп, зерттеп алмайсыз. Бағасы арзан, қолжетімділігіне бірінші кезекте қарайсыз. Сосын қалтаңыз көтерсе бітті, соны аласыз. Мен алысқа бармай-ақ, өзім білім алып келген Австралияны мысал етсем, Австралияда ГМО өнімдерге қатысты заң талабы қатаң. Олар азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отырғандықтан, ГМО өнімдерін сатылымға шығарғандарға салатын салық түрін өсірген. Олардың табиғи өнім өндіретін өндірушілеріне деген ықаласы жоғары. Ал бізде сырттан келіп жатқан импорт тасқынына қатаң талап, тексеріс қойыла бермейді. Қазір дүкендерімізде самсап тұрған өнімдердің басым бөлігі гендік модификацияға түскен өнімдер. «ГМО-сыз» деп қаттама сыртында нақты жазылғанымен, бізде оны сатылымға шықпастан бұрын нақты талап етіп зерттейтін зертханалық база жоқ. Осыдан кейін ішкі нарыққа мұндай өнімдер емін-еркін еніп жатыр»,-дейді Феруза Бекбосынова.

Ғалымның пайымдауынша, біз болашақта осы олқылықты реттеу үшін, алдымен азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты заңға өзгертулер енгізгеніміз жөн. Бұдан кейін барып нақты өнімдердің сапасын бақылайтын заманауи зертханалық база құруға күш салу қажет.

ГМО: созылмалы аурудың бастауы ма?

Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай, қанша жерден ГМО адам өміріне қауіп төндіру үшін жасалмаған. Ол тек өнімдер суыққа төзімді, ыстықта былжырап кетпеуі үшін қолға алынған әдіс десек те мұндай өнімдердің денсаулыққа кері әсері бар. Бұл ретте медицина ғылымының докторы, профессор Айдарбек Жанқабыловтың айтуынша, ГМО-ға түскен өнімдер созылмалы дерттерді де тудырып отырғанын әлем мойындап отыр.

«Зерттеулерге жүгінсек, соңғы 4 жылда ТМД бойынша  созылмалы дерттің көлемі 7 пайыздан 22 пайызға өсіпті. Бұған қоса азық-түлік өнімдерінен болатын аллергиялық ауруға шалдыққандардың деңгейі де күрт өскен. Негізінде, гендік модификацияға түскен өнімдердің «жемісі» бір күнде білінбейді. Олар жылдар өткен сайын біліне береді. Атауының өзі айтып тұрғандай, гендік өзгертуге түскен гармондар егілген өнімдер қанша жерден адамға зияны жоқ десек те, оның кері әсері болады. Бұл жүйені негізінде Қытай елі ойлап шығарды. Қытай үшін қазір 1,5 млрд халықты асырау оңай болып отырған жоқ. Алпауыт елдердің  азық-түлік тапшылығын жою мақсатында қолға алған осы әдісі біздің нарыққа да дендеп еніп кетті. Тіпті бүгінде балалар өнімдерінің кейбір түрдері де трансген өнімдер. Мұны ата-аналар ескеріп те жатпайды. Қарапайым халық гендік модификация дегенді ұғынбай жүр. ГМО-созылмалы аурудың бастауы. Мұның артында халықтың денсаулығы, ұлттың саулығы деген мәселе тұрғандықтан бұған бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан гендік инжинерияға қатысты заң талаптарын қатайту керек. Сол кезде бақылау күшейтіледі»,-дейді Айдарбек Жанқабылов.

Біз осы арада негізінен қандай өнімдердің көбірек гендік модификацияға түсетінін арнайы сызбамен көрсетуді жөн көрдік. Төмендегі сызбағдан мұны анық көруге болады.

ГМО

ГМО-ны анықтайтын тесттер неге шығармаймыз?!

Мамандар болашақта ГМО-ны анықтайтын арнайы тесттер шығарудың да артық болмайтынын айтып отыр. Химия ғылымының кандидаты Ардақ Абзалұлының байыптауынша, ауру астан екені белгілі. Ендеше біз үшін алдағы үш жылда ішер асымызды сапалу ету маңызды бол түспек.

«Қазір көптеген елдер алдындағы ас-ауқатын сапалы етуге барын салуда. Бұл көштен Қазақстан да қалыспай,  халал ас деген ұғымды санамызға сіңіріп-ақ келеміз. Бірақ бізде әлі де азық-түлік қауіпсіздігі нақты берік емес. Мысалы, бізде халал өнімнің нақты таза екенін анықтау үшін ол өнімге доңыздың майы қосылған қосылмағанын анықтайтын тесттер бар. Зертханалық тесттерден өткізу арқылы біз  өнімнің халал немесе халал емес екенін анықтаймыз. Ал ГМО қосылған өнімдерді тұтыну және тұтынбауды біз қарапайым көпшіліктің өзінің еркіне қалдырдық. Жалпы, химиялық синтездеуден өткен, гармон егілген, гендік модификацияға түскен өнімдердің түрді дерттерді қоздыратыны анық. Қазір адамдардың шектен тыс семіріп кетуі, аллергиялық аурудың көбеюі, тыныс жолдары аурруының өсім беруі барлығы осы «химикаттарды» тұтынғандықтан белең алып отыр. Сондықтан бізге де бұл арада Еуропа елдері тәрізді Өзбекстан, Грузия, Түркия елдері тәрізді ГМО-сыз өнім өндірушілерге қолдау білдіру жағын қолға алу керек. Өзбекстанда осы ГМО өнімдеріне қатысты арнайы тесттер бар. Олар сол арқылы халқына аллергия туратын элементтерді анықтап беріп отыр. Біз де сол тәрізді ашық түрде «мына сүттің құрамында мынадай ГМО қосылған» деген ақпараттарды халыққа нақтырақ жеткізіп отырсақ, жөн болар еді»,- дейді ғалым Ардақ Абзалұлы.

Австралияда егілмеген сиырдың бір бүйрегі 150$

Осылайша мамандар алға тартып отырғандай, қазір әлемнің тәбеті ГМО-сыз азық-түлікке ауа бастады. Гентик ғалым Феруза Бекбосынованың айтуынша, Австралияда ГМО-сыз таза экологиялық жолмен өсірілген сиырдың бір бүйрегінің өзі 150 доллар тұрады. Сондай-ақ ол елде табиғи таза ет өнімінің бір келісі  180-200 долларды құрайды.Табиғи көкөністер мен жемістердің бағасы да осы шамалас қымбат. Шетелдерде ГМО-сыз өнімдер бір сөреде «гендік модификацияға түскен» деген атаумен бөлек сатылса, табиғи таза өнімдер келесі сөрелерде бөлек сатылады екен.

«Ал бізде барлығы қабаттасып бірге сөреде тұра береді. Оның ішінен көпшілікке таза өнімді таңдап алу да қиынға соғады. Бұдан кейін қарапайым халық техникалық регламентті оқымай-ақ өнімдерді сатып ала береді. Мұның өзі бізде азық-түлік таңдауда сауаттылықтың жетіспейтінін білдіреді. Сондықтан болашақта осы мәселелерге мән берілсе»,- дейді мамандар…

Қарлығаш Зарыққанқызы

«Қамшы» сілтейді