Еуроодақ Орталық Азияның «мықты және тұрақты» болғанын қалайды

0

Еуропа одағы Орталық Азияның «мықты әрі тұрақты» болғанын қалайды. Бұл үшін кедейлікпен күресіп, әйелдердің құқығын қорғау бойынша шаруалар атқару қажет деді Қырғызстан астанасына ресми сапармен барған Еуроодақтың шетел істері және қауіпсіздік саясат бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини.

Ол Бішкекке сыртқы істер министрлерінің «Еуропа Одағы — Орталық Азия» форумына қатысуға барған. Кездесу соңында Могерини форумның өнімді болғанын айтқан. Кездесудің негізгі нәтижесі ретінде Қырғызстанмен әріптестікті дамыту бойынша жаңа келісімге қол қоюға дайындығын, сонымен бірге Түркіменстанда Еуроодақ өкілдігін ашу жөнінде құжатқа қол қойылуын атап өткен.

Еуроодақтың шетел істері және қауіпсіздік саясат бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини Орталық Азияға сапарын Түркіменстаннан бастаған. Оның Ашғабатқа сапары қарсаңында жергілікті құқық қорғаушылар ЕО вице-президентін елдегі адам құқығы ахуалына назар аударуға шақырды.

Сенбі, 6 шілдеде Түркіменстанда Еуроодақ делегациясының құрылғаны жайлы келісімге қол қойылды. Бішкекке сапары алдында Могерини Еуроодақтың Орталық Азия елдерімен байланысының болашағы жайлы пікірін білдірген.

Могеринидің халықаралық әріптестік бойынша Еуропа комиссары Невен Мимицамен бірігіп жасаған мәлімдемесінде Еуроодақ «Орталық Азия елдерінің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салада нығаю талпынысын қолдағысы келеді» деп жазылған. Бұл өзге мәселелермен қатар тәуелсіз БАҚ-ты нығайту, азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасау, сонымен бірге жастар мен әйелдерге мүмкіндіктерді молайтуға қатысты делінген.

Azattyq