«Еуроодақ COVID-19 қарсы вакцина жасаудан бас тартқандарға шенген визасын бермейді»

0
16

Қазақстандықтар Еуроодақтың жаңа ережелер енгізетіндігі туралы жаңалықты талқылауда – шенген визасын алу үшін Pfizer немесе Moderna өндірген препараттармен COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы белгісі бар «вакциналық еуропаспортты» ұсыну қажет болады. ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды stopfake.kz сайты.

«Еурокомиссияның, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің, Еуропалық Парламенттің ресми сайттары қаралды. «Вакциналық паспорттар» деп аталатын құжатты енгізу туралы ақпарат табылған жоқ. Қазақстан бойынша Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің кураторымен телефон арқылы сөйлестік, ол қазіргі уақытта ЕСІҚ-да мұндай ақпарат жоқ екенін, осы тақырыпта қандай да бір ресми талқылаулар өткізілмегенін хабарлады», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.

ЕСІҚ өкілі алдағы 2-3 айда шенген визаларын алу үшін талаптар өзгермейтінін түсіндірді. Сонымен қатар, «ковидтік паспорттарды» енгізу үшін ЕО-ның барлық 27 мүшесі бұл мәселені талқылап, келісілген шешім қабылдауы керек, ал бұл көп уақытты қажет етеді.

«Жоғарыда айтылғанды және осы ақпараттың (дереккөзге/-дерге қандай да бір сілтемесіз) БАҚ-тан емес, «Мастер пера» телеграм арнасынан алынғанын назарға ала отырып, ол шындыққа жанаспайды деп санаймыз», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Электрондық COVID-паспорттары бірнеше елде әзірленіп жатыр. Бұл – арнайы мобильді қосымшалар, олар пайдаланушының медициналық мәліметтерін, соның ішінде COVID-19 анықтау бойынша тест нәтижелерін және вакцинация деректерін қамтиды. Алайда, бүгінгі күні бұл қосымшалардың ешқайсысы әлем елдерінде міндетті болып саналмайды.