Еурокомиссияның жаңа басшысы Ресейге санкция салуды қолдайды

0

Еурокомиссияның жаңа басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың Ресейге санкция салу саясатын қолдайтынын жеткізді. «Көп жағдайда Мәскеудің жауласу саясатына куә болып отырмыз» деді ол италиялық La Repubblica басылымына берген сұхбатында.

Фон дер Ляйен 16 шілдеде Еуропа комиссиясының төрайымы ретінде сайланған. Германияның бұрынғы қорғаныс министрі Еуроодақтың ең жоғары атқару органын басқаратын алғашқы әйел болмақ. Ол жұмысына 1 қарашадан бастап кіріседі. Еуропаға Ресей ықпалы жайлы сұрақтарға жауап берген саясаткер Еуроодақтың бұл мәселені шешуге шамасы бар екенін жеткізген.

«Кремль кез келген әлсіздікті кешірмейді. Біздің жағдайда бір жағынан санкцияны қолданып, екінші жағынан диалог та ұсынуымыз керек» деді ол.

Фон дер Ляйен Еуроодақтың баспасөз бен әлеуметтік желідегі Ресейдің «жала жабу кампанияларына» төтеп беру жолдарын жетілдіріп жатқанын да атап өткен.

«Біздің артықшылығымыз — ашықтық, баспасөз еркіндігі және ашық пікірталас» деді Еурокомиссия төрайымы.

Ресейлік РБК сайтының жазуынша, Германияның қорғаныс министрі болып тұрған кезде де фон дер Ляйен Мәскеумен диалог орнатып, қажет кезде санкция салу қажеттігін айтқан. 2018 жылы наурыз айында Путинді ендігәрі әріптес санамайтынын, бірақ жауласуға да дайын емес екенін жеткізген.

Azattyq