Еуразиялық одаққа инвестиция құюдан Қытай алда келеді – сарапшылар

0

Еуразиялық одақтың өз ішіндегі инвестициялық айналым ауқымды деп айтуға келмейді.

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубының кезекті отырысы «Көрші эффектісінің Еуразия елдеріндегі инвестициялық әріптестікті арттырудағы әсері» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шараны ашқан саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша, Еуразия кеңістігінде орналасқан барлық елдер үшін инвестиция тарту мәселесі аса өзекті.

– Еуразиялық одақтың өз ішіндегі инвестициялық айналым ауқымды деп айтуға келмейді. 2016 жылы Еуразиялық одақтың сырты инвестициясы 50 млрд долларды құраған, ал ішкі инвестиция 1,2 млрд-тан әрең асқан. Еуразиялық одаққа инвестиция құйған мемлекеттердің арасында Қытай алда келеді, – дейді ол.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми жетекшісі Вячеслав Додонов мұның себебін одаққа біріккен елдердің басым бөлігі шикізатқа байланып отырғанынан көреді.

«Қазақстан экономикасының 90 пайызы минералды ресурстарды сыртқы нарыққа тасуға негізделген. Осы себепті де біздің экономика көршілес елдерге тәуелді емес, біздің шикізатты тұтынатын Батыс елдеріне тәуелді. Осы себепті де Еуропа елдері бүгінгі күні Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналады. Тағы бір түйткіл – бізде біріккен кәсіпорындар жоқтың қасы. Шетелдік капиталмен біріккен кәсіпорындардың саны жөнінен Ресей бізді он орап алады», – деді ол.

Ал сарапшы-журналист Сергей Козловтың айтуынша, Қазақстанда қазір 18 мыңға жуық біріккен кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде 6360 кәсіпорын ресейлік бизнесмендермен бірлесіп ашылған, бұл шамаман 35 пайыз.

«Ал түрік кәсіпкерлерімен бірлесіп ашылған кәсіпорындардың үлесі 9 пайыздың төңірегінде. Ашығын айту керек, Еуразиялық одақ экономикасының 85 пайызы Ресейге тиесілі. Ресейдің әлеуетімен бізді салыстырған қисынсыз», – дейді ол.

Жиынды қорытындылаған Қазақстандағы шекаралық әріптестік қауымдастығының өкілі Марат Шибұтовтың сөзінше, Еуразиялық одақтың өз ішінде инвестициялық бағыттың бірнеше түрі бар. Атап айтқанда, бұлар – Ресейден Беларуське, Қазақстаннан Ресейге және Беларусьтен Қазақстанға.

«Кедендік одақты құрғалы бері Беларусьтен Қазақстанға келетін инвестиция көлемі өскен үстіне өсіп келеді. Беларусь кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына үлкен қызығушылық танытып отыр», – деді ол.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz