Еуразиялық одақ бізге проблема болып отыр — Мұхтар Құл-Мұхаммед
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуразиялық одақтың проблемасы азаймай жатқанын айтты.
Бұл біздің Елбасының бастамасымен құрылған өте қажет экономикалық, тауарларды сыртқа шығаруға мүмкіндік беретін, интеграцияны күшейтетін одақ. Сөйте тұра бұл одақтың проблемасы азаймай отыр. Дәл осы залда Сенат төрағасы болып отырған кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрлігіне бірнеше ескерту жасаған еді.
Оның айтуынша, Тоқаев Сенат төрағасы болғанда одақтағы түрлі хаттамаларға жиі-жиі өзгерістер енгізіле берген екен.
Қажетті болса да, болмаса да өзгерістер жасала берді. Түсірілген өзгерістер екі елдің Парламентінің қос палатасы қарап, оларға біз үнемі толықтырулар енгізіп отырамыз. Сөйте тұра Қазақстанның көрші елдерге шығарылатын тауарларын сол елдегі федералдық шенеунік дәрежесіндегі адам тоқтатып тастайды. Екі мемлекеттің басшысы қол қоятын болса, екі елдің Парламенті қарайтын болса, оны бір федералдық шенеунік тоқтатып тастаса, «мұның қандай заң болғаны», — деді депутат.
baq.kz