Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы бола ма? Елбасы жауап берді
Ортақ валюта қолданысқа енеді деген сыбыс Қазақстанда резонанс тудырған еді
АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев көрші елдермен ортақ валютаның болуы Қазақстан үшін тиімді деген пікірде. Десе де, президент ол күннің ауылы алыс екенін жасырмады. Бұл туралы Елбасы жыл қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен өткен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елбасы қазақстандық журналистерге берген сұхбатында қоғамда резонанс тудырған ортақ валюта енгізу туралы сыбыстарға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, бұл туралы еш жерде сөз қозғалмаған.
«Санкт-Петербургте өткен кездесу барысында мерейтойларды келесі жылдың маусым айында осы жерде атап өтуге келістік. Ал еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына 5 жыл толуына орай ортақ валюта шығару туралы сөз қозғалмады. Бұған қатысты ешқандай келісімшарт жасалмады», — деп сендірді президент.
Әрі қарай Елбасы мұның Қазақстан үшін барынша тиімді екенін айтып өтті. Десе де, ортақ валюта шығарудың оңай шаруа еместігін жасырмады.
«Біреулер Еуропадағыдай еуроның болғанын қалайтын шығар. Біз үшін бұл тиімді болғанымен, оның ауылы алыс. Өйткені, алдымен, барлық мемлекеттің экономикасы бір деңгейде болуы керек. Сондай-ақ, барлығы бірауыздан ортақ валютаның шығуына келісуі тиіс», — деді Назарбаев.
Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда Ресей және Қытаймен бірігіп ұлттық валютада сауда жасауға келісудің өзі қиын екенін айтып өтті.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/