Еуразия ұлттық университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

0

Өткен ғасырдың басында­ қазақ зиялысы тартқан тау­қы­метті, Алаш арыстары жүр­ген азапты жолдың ащысын­ тат­қан асылдың бірі – Фай­зол­ла Сатыбалдыұлы болатын.­ На­ғашысы Міржақып Дула­товпен құлын-тайдай тебісе өс­кен, Алаш ардақтаған Ахаң-Ах­мет Байтұрсыновпен сыйлас, со­нау Ақтеңіздің жағасында «Бело­морканалда» айдауда Мағжан Жұмабаевтың қадірлесі болып, қамқорлығын көрген Файзоллаға тағдыр туған жердің топырағына орануды бұйыртты демесең, 16 жасында құранқари атанып, араб, парсы, түрік, өзбек, орыс тілдерін жетік білген оның өмірінің шуақты күндерінен, қиындық кешкен уақыты көп болған. Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытовпен де Торғайдағы аштық зардаптарын жоюда сапарлас, рухтас осы жанның басынан кешкен баяны халық тарихымен астасып жатыр. Көзі тірісінде жазғаны баспа көрмеген.

Торғайдағы ұлт азаттығы жо­­­­лындағы күрес, аштық тура­сында жазған өлең-жырлары Ке­­ңес өкіметінің ешбір саясатына сай келмейтін. Сондықтан қудалау көрген Файзолла Са­ты­бал­дыұлының өзі де, шығар­машылығы да тәуелсіздік келгеннен соң ғана айтыла бастады.

Білім ордасында өткен конференцияда университет проректоры Дихан Қамзабекұлы шығармашылық тұрғыдан – халық ақыны, ал діни ұстанымы жағынан – Әбу Ханифа Имам ағзам жолын дәйекті насихаттаушы Файзолла Сатыбалдыұлы мұрасына байланысты осыған дейін республикалық және ха­лық­аралық деңгейде ешбір ша­ра өтпегенін, бүгінгі ЕҰУ-дегі халықаралық ғылыми-прак­тика­лық конференция осы бағыттағы шаралардың басы екенін айтты. 

Университетте өткізілген ғы­лы­ми-практикалық конференция Файзоллатанудың жақсы бастау алғанын көрсеткен. Жиында сөз алған отандық ғалымдар мен зерттеуші мамандар Файзолла Сатыбалдыұлының өмірі мен шығармашылығы және діни қайраткерлігі жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Әсіресе артына мол поэтикалық мұра қалдырған, араб, орыс әдебиеті үлгілерінен тәржімалар жасаған қайраткер-қаламгердің аудармаларынан бөлек, өміршең өлеңдері өз ал­дына сөз болды. Академик Сейіт Қасқабасов «Файзолла Саты­балдыұлы кітаби ақын. Хақ дін­нің жолын ұстанып, соны уа­ғыз­дап, негізгі ұстанымдарын тү­сіндіретін ақын болды. Алаш партиясына мүше болмағанымен, соның идеясын, рухын жанымен қабылдаған тұлға» десе, ғалым Серік Негимов: «Файзолла кең құлашты эпик ақын, тарихты, заманды сөйлететін ақын» деп баға берді. Шындығында ақынның «Ахмет қайтыс болды дегенде», «Мағжан түсіме кіргенде», «Ахметсафа Юсупов­қа хат» сынды өлеңдері тарихи­лы­ғымен құнды болса, «Тас ме­шін», «Әбдіғаппар хан», «Ұзақ жол» дас­тандары 1916 жы­лы Торғайдағы ұлт-азаттық көте­рілісіне, аштық пен қуғын-сүр­гін зұлматына арналады. Са­тыбалдыұлының бұдан да өзге «Тоқымбет – Гүләйім», «Адамзат шежіресі», «Аязби» «Дауылда ұшқан жас қыран» атты дас­тандарындағы көркемдік, тіл­дік ерекшелігі әңгіме болған конференцияда елімізге бел­гі­лі ғалымдар Қойшығара Салға­­­ра­ұлы, Болат Көмеков, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Па­мук­­­кале уни­верситетінің профессоры (Түркия Республикасы) Мұс­тафа Арслан, Ужгород ұлт­тық­ уни­верситетінің профессоры Петро Токарь Сатыбалды­ұлы­ның қайрат­керлігі, тұлғалық қасиеттері мен оның өмір тағылы­мы турасында сөз сөйледі. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз