Еуразия ұлттық университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
Өткен ғасырдың басында қазақ зиялысы тартқан тауқыметті, Алаш арыстары жүрген азапты жолдың ащысын татқан асылдың бірі – Файзолла Сатыбалдыұлы болатын. Нағашысы Міржақып Дулатовпен құлын-тайдай тебісе өскен, Алаш ардақтаған Ахаң-Ахмет Байтұрсыновпен сыйлас, сонау Ақтеңіздің жағасында «Беломорканалда» айдауда Мағжан Жұмабаевтың қадірлесі болып, қамқорлығын көрген Файзоллаға тағдыр туған жердің топырағына орануды бұйыртты демесең, 16 жасында құранқари атанып, араб, парсы, түрік, өзбек, орыс тілдерін жетік білген оның өмірінің шуақты күндерінен, қиындық кешкен уақыты көп болған. Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытовпен де Торғайдағы аштық зардаптарын жоюда сапарлас, рухтас осы жанның басынан кешкен баяны халық тарихымен астасып жатыр. Көзі тірісінде жазғаны баспа көрмеген.
Торғайдағы ұлт азаттығы жолындағы күрес, аштық турасында жазған өлең-жырлары Кеңес өкіметінің ешбір саясатына сай келмейтін. Сондықтан қудалау көрген Файзолла Сатыбалдыұлының өзі де, шығармашылығы да тәуелсіздік келгеннен соң ғана айтыла бастады.
Білім ордасында өткен конференцияда университет проректоры Дихан Қамзабекұлы шығармашылық тұрғыдан – халық ақыны, ал діни ұстанымы жағынан – Әбу Ханифа Имам ағзам жолын дәйекті насихаттаушы Файзолла Сатыбалдыұлы мұрасына байланысты осыған дейін республикалық және халықаралық деңгейде ешбір шара өтпегенін, бүгінгі ЕҰУ-дегі халықаралық ғылыми-практикалық конференция осы бағыттағы шаралардың басы екенін айтты.
Университетте өткізілген ғылыми-практикалық конференция Файзоллатанудың жақсы бастау алғанын көрсеткен. Жиында сөз алған отандық ғалымдар мен зерттеуші мамандар Файзолла Сатыбалдыұлының өмірі мен шығармашылығы және діни қайраткерлігі жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Әсіресе артына мол поэтикалық мұра қалдырған, араб, орыс әдебиеті үлгілерінен тәржімалар жасаған қайраткер-қаламгердің аудармаларынан бөлек, өміршең өлеңдері өз алдына сөз болды. Академик Сейіт Қасқабасов «Файзолла Сатыбалдыұлы кітаби ақын. Хақ діннің жолын ұстанып, соны уағыздап, негізгі ұстанымдарын түсіндіретін ақын болды. Алаш партиясына мүше болмағанымен, соның идеясын, рухын жанымен қабылдаған тұлға» десе, ғалым Серік Негимов: «Файзолла кең құлашты эпик ақын, тарихты, заманды сөйлететін ақын» деп баға берді. Шындығында ақынның «Ахмет қайтыс болды дегенде», «Мағжан түсіме кіргенде», «Ахметсафа Юсуповқа хат» сынды өлеңдері тарихилығымен құнды болса, «Тас мешін», «Әбдіғаппар хан», «Ұзақ жол» дастандары 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне, аштық пен қуғын-сүргін зұлматына арналады. Сатыбалдыұлының бұдан да өзге «Тоқымбет – Гүләйім», «Адамзат шежіресі», «Аязби» «Дауылда ұшқан жас қыран» атты дастандарындағы көркемдік, тілдік ерекшелігі әңгіме болған конференцияда елімізге белгілі ғалымдар Қойшығара Салғараұлы, Болат Көмеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Памуккале университетінің профессоры (Түркия Республикасы) Мұстафа Арслан, Ужгород ұлттық университетінің профессоры Петро Токарь Сатыбалдыұлының қайраткерлігі, тұлғалық қасиеттері мен оның өмір тағылымы турасында сөз сөйледі.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»