Есмағамбетова отандық тест қашан қолданысқа шығатынын айтты

0

Осы кезге дейін ұлттық битехнология мамандары коронавирусты анықтауға арналған екі бірдей зертханалық тест жасап шығарған

НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусты анықтайын отандық тест қашан қолданысқа шығатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгінде қазақстандық тест дайын. Оны шығаруға болады. Алайда бұл тестті алдымен валидациядан өткізу керек. Яғни, ең алдымен отандық өнімнің сапасы жан-жақты тексерілуі тиіс», – деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бүгінде тестті жаппай шығару жоспарда жоқ. Мамандар сапа жағына баса назар аударады.

«Алдымен тесттің инфекцияны қалай анықтайтынын зерделеп шығуымыз қажет. Содан кейін көптеп шығаруға болады. Біз үшін оның сапасы бірінші орында тұр», – деп атап көрсетті Есмағамбетова.

Оқи отырыңыз: Тоқаев коронавирусты анықтайтын тест әзірлеген ғалымдарға хат жолдады

Айта кетейік, бұған дейін ұлттық битехнология мамандары коронавирусты анықтауға арналған екі бірдей зертханалық жылдам тест жасап шығарғанын айтқан. Сынаманың нәтижесі бес сағаттың ішінде дайын болады. Алайда тесттің инфекцияны анықтау деңгейі төмен. Ол тек екі апта бойы ауырып жүрген адамның инфекциясын ғана көрсете алады.



sputniknews.kz