Ескі Жәйремде жарылыстың елді мекенге әсерін талқылады

0

25 маусымда Қарағанды облысы Ескі Жәйрем шағын кентінің тұрғындары мен жергілікті билік, Жәйрем тау-кен комбинатының өкілдері арасында кездесу болды. Мамыр айында полиметалл кеніші маңында тұрып жатқан тұрғындар биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді я денсаулықтарына залал келтіргені үшін өтемақы төлеуді талап еткен еді. Тұрғындар шағымынан соң комбинат өкілдері «кеніштің елді мекенге әсерін анықтау үшін тәуелсіз комиссия құрылатынын айтқан».

Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Нұрғали Өмірбеков 25 маусымда кездесу қорытындысы жайлы сұраған Азаттық тілшісіне «сараптама жарылыс жұмыстарының елді мекенге әсері жоқ» екенін дәлелдеді деді. Депутат басқа сұрақтарға жауап бере алмайтынын, сараптама нәтижесін білетін елді мекен әкіміне қайрылуға кеңес берді.

Азаттық тілшісі Жәйрем әкімі Аманғазы Нәукеновтен жауап ала алмады. Жәйрем тұрғындарының айтуынша, олар кездесудің болатыны жайлы әбден тақалған кезде ғана білген. Оған шамамен 30 адам ғана қатыса алған. Көбі кездесу өтіп жатқан кезде жұмыста болған.

— Бізге «бәрі қалыпты, тұра беруге болады» деді. Бірақ бұл жауапқа көңіліміз толмайды. Себебі елді мекенде комиссия жұмыс істеген кезде жарылыстар үні бәсеңдеді. Ал оған дейін қатарынан екі жыл бойы жарылыс әсері қатты білінді. Мұны әсіресе кенішке жақын өмір сүретіндер қатты байқады. Бәлкім, кәсіпорын тұрғындар өтінішін ескеріп, жарылыстарды азайтқан шығар? Бұған сенгің-ақ келеді, «бәрі қалыпты» деп айту үшін жасалған көзбояушылық емес шығар деп үміттенеміз, — деді жиналыстан кейін Ескі Жәйрем тұрғыны Любовь Иксанова.

Кейбір тұрғындар мамыр айындағы шағымға байланысты ауыл әкімінен ресми түрде жауап алмағанын айтты. Бұған дейін тұрғындар 250 отбасы қол қойған хатқа жергілікті биліктен мардымды жауап болмаса, Нұр-Сұлтанға шағымданатындықтарын жеткізген еді.

Қарай отырыңыз: Ескі Жәйрем тұрғындары басқа жаққа көшіруді талап етеді.

1200-ден астам адам тұратын Ескі Жәйрем тұрғындары жел соққан кездері күннен күнге ауылға жақындап келе жатқан полиметалл кенішінен шыққан жағымсыз иіс пен шаңға бөгетіндерін айтады. Кеніш маңында болатын жарылыстардан үйлерінің қабырғасы жарылғанын айтқан тұрғындар үйлеріміз тұруға жарамсыз болып қала ма деп те қауіптенеді.

Оқи отырыңыз: Кеніш маңындағы ауыл тұрғындары көшіруді я өтемақыны талап етеді

Azattyq