Ескерткіш тақта орнатылды

0

Белгілі жазушы-аудармашы, АЛЖИР тұтқыны Галина Серебрякова өз өмі­рі жайында жазған шы­ғармасында: «Менің камераластарым қазақтар, орыс­тар, украиндар, еврейлер, грузиндер, татарлар болды. Сондай-ақ шетелден бізге қашып келген екі грек, бір­неше поляк және румын әйелдері бірге отырды…» – десе, ресми құжат мұнда 61 ұлттың адамдары жазасын өтеген дейді.

Осылардың қатарында эстондық 21 әйел болыпты. Жуықта осы жазықсыз жа­па шеккен жандарды еске алу мақсатында Эс­то­ния рес­публикасының ресми өкіл­дері АЛЖИР мемо­риал­дық-музей кешеніне келіп, тұт­қындар рухына тағзым етіп, ескерткіш тақта орнатты. Шараға Эс­то­ния премьер-ми­нистрі Юри Ра­тас және Эсто­ния­ның Қазақ­стан­дағы елшілік өкілдері қатысты. 

Астана қаласы Мә­де­ниет және спорт бас­қар­­масы бас­­­шысының орын­басары Нарима Мұ­хам­беталинаның айтуынша, 1938-1953 жылдары АЛЖИР лагерінде жазасын өтеген  эстондық әйел­дердің екеуі басына түс­­кен азапқа төзе алмай осын­да көз жұмған көрінеді. Қалғандары аман-есен бос­тандық таңын көріпті. 

Естелік тақтаның ашылуы барысында эсто­ния­лық меймандар музей аума­ғында орналасқан экспозицияларды тамашалап,  Пікірлер кітабында қол­таңбаларын қалдырса, му­зей тарапынан оларға жап­пай саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына орай шы­ға­рылған «Ұрпақтар ұмыт­пайды. Помнят потомки» ат­ты жинақ табысталды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»