«Ескендірді түсімде көрдім» Полковниктің қызы сотта соңғы сөзін сөйледі
Сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан оған рақымшылық жасап, бас бостандығынан айырмауды сұрап жылады.
Бүгін Астана қалалық екінші сотында айыпталушы Малика Мұхитова соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сотта соңғы сөзін сөйлеген Малика Мұхитова марқұм Ескендір Сүлейменовтің ата-анасынан тағы бір мәрте кешірім сұрады.
«Қолдарыңыздан келсе, мені кешіруді өтінемін…Бұл қаншалықты қиын екенін түсінемін. Мен бұлай болғанын шын жүректен қаламап едім. Тағы да қайталап айтамын, егер мен оны дер кезінде көргенде, қайғылы оқиғаға жол бермес үшін барлық шараны қолға алатын едім. Өтінемін, рақымшыл болыңыздар, менде ешқашан мұндай мақсат болған емес. Сол күнді еш уақытта ұмытпаймын. Сол күннен бастап бүкіл өмірім өзгерді», — деп көзіне жас алды сотталушы.
Малика анасы әр жұма сайын шелпек пісіріп, Ескендірдің жаны о дүниеде тыныштық тапсын деп жалбарынатынын айтты.
«Бұлай болғанын қалаған жоқпын. Егер сіздерде бір тамшыдай түсіністік болса, тағы бір мәрте өтінемін, мені кешіріңіздерші», — деп жылады ол.
Айыпталушы осыдан екі ай бұрын марқұм оның түсіне кіргенін айтты.
«Ақ киіммен жағажай маңында жүгіріп жүр екен. Маған қарап күлімсіреді, бір кішкентай қызбен ойнап жүрді. Сол сәтте мен онда бәрі жақсы шығар деп ойладым», — дейді Малика.
Сотталушы Ескендірдің ата-анасынан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
«Әке-шешемді, туған-туысқандарымды, ата-әжемді аяңыздаршы. Өтінемін, кешіріңіздер, мені бас бостандығымнан айырмаңыздаршы», — деді Малика Мұхитова.
Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді. Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова өткен аптада өткен сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
24 қазанда өткен сот отырысында зардап шеккен тарап сотталушыдан 14 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өндіруді талап еткен еді. Алайда кейін марқұмның отбасы ол талап-арызды қайтарып алды.
9 қарашада өткен жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Әлішер Бараев айыпталушы Малика Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айыруды және үш жыл көлік жүргізуге тыйым салуды сұраған еді.
Бүгін марқұмның ата-анасы қазақстандықтарға үндеу жасап, сотталушының шын өкінгеніне сенбейтініне айтты.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!