«Есірткіден өлді деп жатыр». Денесі табылған оқушы қыздың ата-анасы мәлімдеме жасады

0

Астанада тұрғындар үш күн бұрын мектеп оқушысының денесі табылған ғимараттың сүрілуін талап етті, деп хабарлайды Kznews.kz Skifnews.kz ақпарат порталы мен КТК арнасына сілтеме жасап. 

Тұрғын үйлер мен мектепке іргелес тұрған ескі нысанда күні кеше ғана 14 жастағы оқушының мәйіті табылған. Бүгін бұл жерге марқұм қыздың ата-анасы да келді. Айтуларынша, Аурелия спортқа жақын, көңілді бала болған. «Жүрегі тоқтап қалды, оның үстіне мына жерге өзі келді дегенге сенбейміз» дейді анасы.

Қызымызды есірткіден өлді деп жатыр. Мүлдем олай емес. «Жүрегі тоқтап қалды» деді бізге. Жүрегі ешқашан ауырмаған. Волейбол ойнайтын, спортқа жақын болған. Біз қалайда шындыққа жетеміз. Бүгін полицияға арыз қалдырдық, — деді анасы.

Оқушы қыздың ажалы неден болғанын енді сот медициналық сараптама анықтайды. Оның нақты қорытындысы әзірге шықпаған. Ал жергілікті шенеуніктер ескі ғимаратты «жақын арада қолға аламыз» деп уәде берді.

Астана қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дамир Әбдуәлиев ғимарат әкімдік балансына берілгенге дейін кімге тиесілі болғанын білмейтінін айтты.

Біз 8 тамызда ғимаратты балансқа алдық. Енді жұмыс істей бастаймыз. Жекеменшік болды ма, тарихын білмеймін. Алдымен техникалық жағдайын тексереміз. Тез арада қоршаймыз, қауіпсіздік үшін күзет қоямыз. Құрылыс басқармасының құзырына өткен нысан қайта балабақша бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді, – деді ол.