Есімін Сайлау деп қоймақ: елордада жүкті әйелдер қалай дауыс беріп жатыр

0

Елордадағы №2 перинаталды орталықтағы №208 жабық сайлау учаскесінде 150 адам тіркелген

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. №2 перинаталды орталықтағы №208 жабық сайлау учаскесінде қазіргі уақытта 110-нан астам адам дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сайлау учаскесінің комиссия мүшесі Динат Қожыкеновтің айтуынша, бұл жерде 150 адам тіркелген. Оның арасында босанған және жүкті әйелдер, дәрігерлер, медбикелер бар.

«Біз жұмысымызды таңғы 7-ден бастадық. Осы уақытқа дейін 110-нан астам адам дауыс берді. Бәрі ережеге сай өтіп жатыр. Шетелдік бақылаушылар келіп, дауыс беру барысын қадағалап кетті», — дейді №1 балалар ауруханасы бас дәрігердің орынбасары.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Меңсұлу Әмірова

Ал жұмыстан жаңа шыққан медбике Меңсұлу Әмірова сайлауға өз еркімен дауыс беруге келгенін айтты.

«Мен 24 сағат кезекшілігімді атқарып, жұмыстан шықтым. Жұмыста болуыма байланысты осы учаскіде дауыс бердім. Сайлауға өз еркіммен қатысып жатырмын», — деді ол.

29 мамырда босанған Гүлбаршын Қожанова есімді ана сайлауда дауыс беру – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы дейді.

«Мен өз елімнің болашығына бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан жаңа президентті сайлау үшін өз дауысымды бердім. Денсаулығыма да қарамастан сайлауға қатысып жатырмын. Перинаталды орталыққа 29 мамыр күні түстім. Осы күні босандым. «Айлин» есімді қызымды дүниеге әкелдім. Баламның есімін сайлаудың құрметіне қойғым келген жоқ», — деді ол.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Кенжекей Тоқтамұрат

Ал Кенжекей Тоқтамұрат есімді дауыс беруші 5 маусымда «Ая» атты қызын дүниеге әкеліпті. 

«Баламның атын «Сайлау» деп немесе президентке кандидаттардың бірінің құрметіне қойғым келген жоқ. Сондықтан жаңа туған қызымның атын «Ая» деп қойдым. Баланың есімін науқанның құрметіне қоюға қарсымын. Себебі, баланың еш кінәсі жоқ. Болашақта оның есімі оған қолайсыздықтар тудыруы мүмкін», — деді ол.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

№2 перинаталды орталықтағы №208 жабық сайлау учаскесі

Сонымен қатар ол сайлауға неге қатысып жатқанын түсіндірді.

«Дауыс беру – менің азаматтық борышым. Тіпті, кеше жаңа туған баламның туу туралы куәлігін ХҚКО-дан алу үшін жеке куәлігімді туыстарыма беріп жібердім. Таңертең құжатымды күйеуім алып келді. Мен дауыс беру мүмкіндігін құр жіберіп алғым келген жоқ», — дейді жас босанған ана.

Сайлау учаскесінің бақылаушысы Жакен Жаналин мұнда таңғы сағат 6-да келгенін, дауыс беру барысында заңбұзушылықтар тіркелмегенін атап өтті.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

№2 перинаталды орталықтағы №208 жабық сайлау учаскесі

№2 перинаталды орталықта сегізінші маусымнан тоғызына қараған түні бір нәресте дүниеге келген. 

«Тәулік ішінде 17 әйел босанды. Ал 8 маусымнан 9 маусымға қараған түні тек бір-ақ нәресте өмірге келді», — орталықтың бас дәрігері Гүлфайруз Оразбаева.

Оның айтуынша, жас босанған ана баласының есімін сайлаудың құрметіне қоюды ойластырып жатыр екен. 

«Біз босанған әйелден сұрадық. Ол сәбидің есімін Сайлау деп қоюымыз мүмкін деп айтты», — деді ол.

Президент сайлауы

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Қазақстандықтар осы күні жергілікті уақытпен таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін өздері қалаған кандидатқа дауыс бере алады.

Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 9 970 (48 учаске 06:00-де ашылады). Шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде 65 учаске жұмыс істейді.

Президентікке үміткерлер

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне 7 кандидатты тіркеді. Олар:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.


©
Sputnik /

Президентікке үміткер жеті кандидат



sputniknews.kz