«Есіме түссе терлеп кетемін»: Айнұр Тұрсынбаева қызық оқиғасын бөлісті
Айтыскер ақын, коуч-психолог Айнұр Тұрсынбаева қонақ күтуге қатысты қызық оқиғасын айтып, оқырмандарын күлдірді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі осыдан бірнеше жыл бұрын үйіне қонақ шақырып, ұмытып кеткенін айтады. Қонақтар «келдік» деп қоңырау шалғанда айтыскер қатты ұялып қалған.
“Бір күні Ыстамбұлға Дәулет Мұқаев бауырымның ата-анасы келді. Қайша Керейдің үйіне тоқтаған екен, барып сәлемдесіп, үйге демалыс күнге қонаққа шақырдым. Содан демалыс күні таңертең оянамын, бірдемені ұмытқан сияқтымын. Үйдегілерден «мен бірдеңе ұмытып тұрмын, бір нәрсе істеуім керек сияқты» деп қайта-қайта сұраймын. Ешкім білмейді. Сонымен ары жүріп, бері жүріп ішім пысып көшеге шығып кеттім. Бір кафеге кіріп алып, круассан мен кофеге заказ беріп қойдым. Кофе дайын болғанша эфирге кіре қояйын деп, түпсананы ұрып жатқанмын ғой. Қайша қайта-қайта қоңырау шалды. Эфир біткен соң сөйлесермін деп басып тастаймын. 1 сағат эфирді өткізіп болып ватсапты ашып қалсам, Қайша 45 аудио жіберіп тастапты. Қонақтармен келдік деп. Үйде әшейінде толып тұратын тамақ та жоқ қой… Ойбай өмірімде дәл солай есім шықпаған шығар. Сонау Семейден келген қонақтарымды мәнтімен қайтарғаным бар. Есіме түссе әлі терлеп кетемін ше?! Сіздерде қандай қызық болды?» – деп жазды ақын.
Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, қызық оқиғаларын бөлісіп жатыр.
“40-тан асып барамын” деген ән бізге арналған”, “Ондай жағдайлар болып тұрады”, “Сол күн есіме түссе, күле беремін”, “Ағам туған күніне қонақ шақырып, өзі парад көруге кетіп қалатын”, “Жеңгеме қонақ шақырғанымызды айтуды ұмытып кетіп, құрбыларының үйінен тамақ алып келген”, “Сол кезде сіздің эмоцияңызды елестетіп тұрмын”, – деп жазып жатыр оқырман қауым.
Еске салайық, жақында Айнұр Тұрсынбаева немересінің бір жасын дүркіретіп атап өткен еді.