Есікті сындырып шығып, жедел жәрдем шақырған: Павлодарда танысы атып, қамап кеткен ер адам аман қалды – Қазақстан жаңалықтары

0
61

Павлодар тұрғынын тапа-тал түсте танысын атып кетті. Алайда ол оқ тисе де таңғажайып жағдайда аман қалған. Қаскөй қылмысын аңшы мылтығымен тындырып, жаралы азаматты гаражға қамап кеткен. Бір емес, бірнеше бытыра тиген ол өз күшімен тұрып есікті сындырған. Осылайша, сыртқа шығып жедел жәрдем шақырыпты.

Есікті сындырып шығып, жедел жәрдем шақырған: Павлодарда танысы атып, қамап кеткен ер адам аман қалды

Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды.

43-жастағы Виталий Иванов болған оқиғаға өзі де сенбейді. Себебі біраз уақыттан бергі танысымен арасында еш араздық болмапты. Тіпті, жақында оны болашақ жарымен таныстырыпты. Тек оқиға болатын күні «мангал, шампур сияқты заттарды анама апарып тастайықшы» деп өтінген. Астында көлігі болған соң жәрдем етпекке келісе кетіпті.

«Бұрынғы танысым көмек сұраған соң ойланбастан келдім. Шынымды айтсам, бұндай жағдай болады деп ойыма кіріп шықпапты. Екеуіміз гаражға кірдік. Ол: «Мен басқа құралдарды қамдай беремін, сен гараж бұрышындағы мангалды ала берші», – деді. Еңкейе бергенімде артқы жағымнан жүрек тұсымнан атып жіберді», – дейді зардап шегуші Виталий Иванов.

Зардап шегушінің сөзінше, алғашында ол ашық тұрған тоқ көзіне түстім деп ойлаған. Алайда қансырап жатып артына бұрылғанда, қашып бара жатқан танысын көреді. Ал қандықол оны гаражға қамап кеткен. Арқасынан саулап аққан қою қанға қарамастан, орынынан тұрып, есікті бұзған. Осылайша, көлігіне мінген танысын қуып, тоқтатпақ болыпты. Бірақ ол көлікті алып, тайып тұрған. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел жәрдем азаматқа бірден көмек көрсетіпті. Дәрігерлердің сөзінше, бұндай оқ-дәрі тиген адамдар көп жағдайда көз жұмады екен.

«Сол жақ жауырын сүйегіне тигендіктен, Виталий Иванов аман қалды. Қазір жағдайы қалыпты», – дейді олар.

«24 наурыз күні сағат 9 жарымда бізге азамат түскен. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Сонда жарасы сол жауырынға тиген. Жауырын өзі сынбаған, жара өкпеге тимеген, жүрекке тимеген», – дейді қалалық аурухананың аға дәрігері Серік Ысқақов.

Ал полиция қаскөйді бірден қолға түсіріпті. Себебі Виталий Ивановтың қалталы телефонында GPS- навигаторы жұмыс істеп тұрған. Қазір құзырлы орган өкілдері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Осы факт бойынша Павлодар қаласы ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 99, 24-баптары, яғни қастық ету бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды. Тексеріс жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды», – аймақтық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Беляева.

Зардап шегуші 2013 жылғы «Мерседес» көлігі үшін өзіне қастандық жасалды деген пайымда. Себебі бұлай жасауына еш себеп жоқ екеніне сенімді. Ол өзін өлтірмек болған адамға барынша қатаң жаза қолданылса екен дейді. Себебі жауырынындағы 7 сантиметр тесіктен сол жақ қолы істемей қалыпты.

stan.kz