«Ештеңе көмектеспеді»: Әлішер Кәрімов Кореяда омыртқасына 11 сағатқа созылған ота жасатқанын ашып айтты
Отандық әнші Әлішер Кәрімов осыдан бірнеше жыл бұрын омыртқасына Корея елінде ота жасатқанын мәлім етті. Өнер иесі дәл сол уақытта 11 сағатқа созылған ота жайлы ешкімге жақ ашып айтпағанын «1001 түн» бағдарламасында баяндап берді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.
«Омыртқама бес жыл бұрын Кореяда ота жасатқанмын. Омыртқам 50 градусқа қисық. Ұзақ жылдар бойы арнайы костюм тіктіріп кидім. Қысқа жейде, костюм кие алмадым. Бүкірейіп қалатынмын. Әке-шешеммен бірнеше мануалды терапияға бардық. Ештеңе көмектеспеді. Ең соңғы шешім 11 сағаттық ота болды. Осы қиындық туындағанда, жақындарымнан басқа ешкім білмеді. Адамға аяушылық таныту дұрыс емес деп ойлаймын. Ота жасатқаннан кейін жарияладым. Көп адамда осы мәселе бар. Мануалды терапияға барғанмен, ештеңе өзгермей, омыртқа қисая түседі. Бұл өмірдің қысқаруына әкеліп соғады. Дәл қазір сол отаны ұсынса, келіспес едім. Бірақ сол кезде денсаулық үшін ота жасату керек болды», — деді Әлішер Кәрімов. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Әлішер Кәрімов сүйіктісі жайлы жан сырын ақтарған болатын.