«Ешқайда барудың да, құжатпен жүгірудің де қажеті жоқ»: Салық рақымшылығына ілігу үшін не істеу керек — Қазақстан жаңалықтары

0

Салық амнистиясына іліну үшін өтініш жазудың немесе белгілі бір жерге барудың қажеті жоқ. Бір ғана шарт – жиналған негізгі қарызды өтеу. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов үкіметте өткен баспасөз конференциясы кезінде айтты. Сондай-ақ, ол бұл процестің қалай жүзеге асатынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

салық рақымшылығы

«Ең алдымен, келесі нәрсеге назарларыңызды аударғым келіп отыр. Өсімпұлды алып тастау үшін физикалық тұлға негізгі қарызды өтеуі тиіс болады. Салық төлеушіге бұл үшін арнайы бір жерге барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік кіріс органдары өзі мониторинг жүргізіп, физикалық тұлғалардың шоттарын бақылап отырады. Олар негізгі қарызды төлегеннен кейін өсімпұлға байланысты тиісті шешім шығарады. Осы орайда, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша салық қарызы бар азаматтарды өзінің қарызынан арылу мүмкіндігін пайдалануға шақырамын», — деді Қанат Баеділов. 

Әрі қарай қаржы вице-министрі салық рақымшылығына қатысты құжатқа мемлекет басшысының қол қойғанын еске салды. Сондай-ақ, заңға сәйкес, қарызды кешіру процесі қалай жүзеге асатынын анықтағанын айтты. 

«Дәл қазір бұл ереже тиісті органдарда тексеруден өтіп жатыр. Жуық арада оны мақұлдайтын боламыз. Ережеге сәйкес, әрбір аудандық мемлекеттік кіріс басқармасында комиссия құрылады. Олар негізінен өсімпұлды кешірумен айналысады. Осыған сәйкес, кампанияны бастау да жоспарда бар. Ол шілде айының үшінші тоқсанынан басталмақ», — деді ол. 

Сондай-ақ, Қанат Баеділов азаматтардың өзінің қарызы туралы қайдан біле алатынына тоқталды. Айтуынша, бұл үшін бастапқыда ЭЦҚ қажет болады. Оны қолдану арқылы қарыз туралы мемлекеттік кіріс комитетінің интернет ресурсынан және egov.kz,электронды үкімет сайттарынан білуге болады. 

«Өкінішке орай, бастапқыда ЭЦҚ қажет болады. Мемлекеттік кіріс органдары мен қаржы министрлігі бірігіп, ЭЦҚ-сы жоқ азаматтарға жағдай жасап жатырмыз. Оларға арнап мемлекеттік кіріс комитетінің сайтында арнайы сервис құрылды.

Сол жерде ЖСН нөмірін пайдалану арқылы өздерінің қарызы туралы біле алады. Барлық физикалық тұлға рақымшылыққа ілігуі үшін арнайы өтініш жазып, қандай да бір құжаттармен жүгірудің қажеті жоқ. Ең басты шарт – жоғарыда атап өткенімдей негізгі қарызды төлеу», — деп қорытты вице-министр. 

stan.kz