«Ешкім көшеде кимешек киіп жүрген жоқ»: Әуелбекова заманауи орамалын сынағандарға жауап берді
Мөлдір Әуелбекова заманауи орамалын сынағандарға жауап берді. Әншінің айтуынша, басындағы байламасын сөз етіп, тіпті «шеш» деп бұйыратын жандар әлі де жетерлік. Ол сахнаға алғаш орамалмен шыққанда қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Динара Сұлтанның SEN подкастына сілтеме жасап хабарлайды.
«Дін ұлтқа, салт-дәстүрге бөлінбейді. Ең бастысы, Алланың әмірі, әурет жерлеріңді жабыңдар, деген. Хиджаб, байлама, арафатка, кимешек ки деген сөз жоқ. Ол қызды қорғау мақсатында әмір етілген. Ал оны қалай жабасың, қазақтың киімін киесің ба, арабтың киімін киесің ба, әркімнің өз еркінде. Бірақ елжанды, патриот ретінде өзіміздің дәстүрге сай орамал, кимешек, байламаны киюге тырыссақ, салт-дәстүрден алыстамаймыз. Неге екеуін бірге алып жүрмеске?
Заманауи байлама киемін. Маған: «Неге сен қазақтың оюларын кимейсің?» деп жазып жатады. Кім киіп жүр? Күн сайын көшеде қыздар мен жігіттер киіп жүр ма? Қамзол қалың, ыңғайсыз ғой. Бәріміз заманауи киінеміз. Ешкім қазақтың кимешегін көшеде киіп жүрген жоқ. Қытайдың, Еуропаның, Түркияның киімін киіп жүрміз.
Мен де заманауи киінгім келеді, олай пікір таластырмаңыздар. Мен тек орамалда заманауи, қазақи тұрғыда киіп жүрмін. Айырмашылық сода ғана», — дейді әнші.
Әуелбекова осыдан екі жыл бұрын алғаш рет сахнаға орамалмен шыққанын айтады. Сөзінше, әріптестері мен ортасы оған сыни көзбен қараған. Продюсерлер мен ірі орталықтар оны концерттерден шеттеткен. Ал мемлекеттік қызметте жүргенде басшылары «орамалды не жұмысты» таңдауды сұраған. Әнші барлығына қарсы тұрып, ақыры өз дегенімен жүргенін айтады.
«Өзім үшін әуретімді жабамын. Оны әңгіме қылудың қажеті жоқ. Маған әлі күнге дейін «ормалыңды шеш» дейтіндер де бар. Әркім өзі біледі. Мен біреу үшін емес, өзім үшін құлшылық жасап жүрмін. Мен біреуге барып: «Неге шаш жайып жүрсің?» демеймін ғой.
Сахнаға алғаш орамалмен шыққанда тек қана қарсылық болды. Ашығын айтқанда, бізде осы уақытқа дейін рұқсат болған жоқ. Эфирлерде «шеш» дейтін әңгіме болған. Мысалы, мені жақында сериалға шақырды. «Сіз «Ғашық жүректен» кейін фильмге түспедіңіз. Осындай керемет жоба. Біз сізді басты рөлге аламыз. Орамалыңызды шешесіз бе?» — деді. Сериалға түспеймін дедім. Біріншіден, орамалды шешу жағы талқыланбайды. Ал екіншіден, көбісі мені «Ғашық жүректен» кейін ешкім киноға шақырмайды деп ойлайды. Талай мәрте шақырған. Бірақ ұстанымым, әркім өз ісімен айналысуы керек. Мен әнші болғандықтан, әнімді айтамын», — дейді Мөлдір.