Ешкім бір жалақыға өмір сүрмейді: Мұхамедиұлы әртістердің еңбекақысы жайлы айтып берді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысына қатысты түсініктеме берді.
Министрдің айтуынша, Астана мен Алматыдағы театр қызметкерлерінің жалақысы 70-80 мың теңгені құрайды.
«Жалақы әрдайым аз, жарайды, біз 30 пайызға көтерейік делік, оларда 90 мың теңге жалақы болады. Бірақ, біздің басты міндетіміз – таланттарымызға дамуға мүмкіндік беру. Жасыратыны жоқ, мен студент кезімде, үшінші курс оқып жүргенімде мемлекеттік симфониялық орекстрде жұмыс істедім. Алға ұмтылу керек болды. Мен таңғы алтыдан түнгі он бірге дейін жұмыс істейтінмін. Сенбі, жексенбісіз, себебі алға ұмтылғымыз келді. Бүкіл әлемде музыканттар солай жасайды, ешкім бір жалақыға өмір сүрмейді. Қазір вокалмен айналысатын трио, квартеттердің мүмкіндіктері зор, басқалар да жұмыс істейді. Немесе Сергей Безруков пен Владимир Машков сияқты өз спектакльдерін қоюға болады. Олар негізгі жұмысынан бөлек коммерциялық қойылымдар қойып, өнер көрсетеді. Әрине, төмен жалақы мәселесі бойынша біз жұмыс атқарып жатырмыз. Біздің басты міндетіміз – кітапхана мен мұрағат қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің айтуынша, себебі бұл мамандардың қосымша ақша табу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, бірінші кезекте солардың еңбекақысын көтеру керек.
«Ал музыканттар мен актерлер қызметінің ауқымы кең. Дегенмен, әрине, біз барлығының жалақысын көтеруге мүдделіміз», — деді Мұхамедиұлы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министр Самалдың жеңісін Президентке кешіктіріп хабарлағанын айтқан болатын. Сонымен қатар, Ұлттық операға студенттерді, ағайын-туыстарды апарып, отырғызып қоятындары жайлы айтты.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ