«Ержан Максим – жеңімпаз!» Ресейлік әртістер «Голос. Дети» байқауын әділетсіз деп айыптады
Қысқа сілтеме алу
Ресейлік танымал жүргізуші Максим Галкин «Голос. Дети» байқауының шынайы жеңімпазы деп Ержан Максимді атады
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір — Sputnik. Ресейлік «Бірінші арнаның» «Голос. Дети» жобасы өз мәресіне жетіп, әнші Алсудың қызы – Микелла Абрамова жеңімпаз атанды. Алайда шоу тыңдармандарымен қатар танымал әртістер де байқауды әділетсіз деп айыптап жатыр.
Бағдарлама нәтижесі 26 сәуірде жарияланған. Бірінші орын иеленген Микелла Абрамова халықтың 56,5% дауысын жинаса, отандасымыз Ержан Максим 27,9% дауыспен екінші орынға табан тіреді.
Шоу аяқталған соң Ержанның тәлімгері, ресейлік әнші Валерий Меладзе дауыс беру нәтижесінің қайта қаралуын талап етті.
«Голос» бағдарламасы бітті, бірақ көңілімізде кірбің қалды. Нәтижені қайта қарау дұрыс емес, дегенмен Бірінші арна мұны жасайды деп ойлаймын. Дауыс беру нәтижесі қайта қаралған соң, күмәніміз сейіледі», — деді Валерий Меладзе видео үндеуінде.
Шоу жеңімпазы Микелла Абрамованың жетекшісі Светлана Лобода әлеуметтік желідегі парақшасында байқау қорытындысы туралы ләм-мим деместен, басқа «балалары» Нино Чеснер мен Роберттің суреттерін жариялаған. Посттың астына жүрек белгісін салып қойыпты. Осыған қарап та әншінің қандай пікірде екенін аңғаруға болатын сияқты.
Танымал ресейлік тележүргізуші Максим Галкин Instagram парақшасында видео жариялап, өз отбасының пікіріне сай «Голос. Дети» байқауының жеңімпазын атады.
«Ержан Максим – жеңімпаз!», — деп жазды ол видеоның астына.
Галкин бүкіл отбасымен дауысын СМС арқылы Ержанға бергендерін айтты. Сонымен қатар, әртіс конкурстың жоғары деңгейі мен басқа қатысушылардың ерекше қабілетін атап өтті.
«Микелла Абрамова да жақсы айтады, бірақ кешегі финалда өнер көрсеткен бүлдіршіндерден, шыны керек, сәл артта. Өкінішке орай, ата-анасы өздерінің ықпалын ескермеген сияқты – көптеген жұлдыз достары қызға қолдау көрсетті. Мұндай мүмкіндік басқа ата-аналарда жоқ, сол себепті осындай әділетсіздік орын алды. Меніңше, жеңімпаз біреу – Ержан Максим!» – деп танымал жүргізуші оқырмандарынан Микеллаға тиіспеуді сұрады.
«Голос. Дети» шоуының қорытындысы туралы ресейлік актер Станислав Садальский де пікір білдіріпті.
«Алсудың қызының дауысы жақсы, әдемі айтады. Бірақ шоуда дауысы одан да зор, тартымды балалар болды! Бәріне обал… әттең… біздің Бірінші арнадағы ахуал осы», — деп жазды актер.
Естеріңізге сала кетсек, оралдық Ержан Максим «Голос. Дети» байқауының финалында Adagio әнін орындаған еді.
Халықтың наразылығынан кейін «Бірінші арна» дауыс беру нәтижесін қайта тексеретінін мәлімдеді.
sputniknews.kz