Ержан Максим туралы не білеміз: отбасы, фото, видео
Ресейлік «Голос. Дети» жобасында екінші орын алған Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек шоудың нәтижесі мен Ержанға қандай ұсыныстар түсіп жатқанын айтты.
«Talklike» бағдарламасына берген сұхбатында Гүлмира Әлібек: «»Голос. Дети» байқауының нәтиже жарияланғаннан кейін әттеген-ай деген жеріміз болды. Өйткені Ержан әнді бар күш-жігерімен, даусы кішкене жетпей қалса да, жоғары деңгейде айтып шықты деп ойлаймын»,- деді.
«Голос. Дети» жобасы
Жоба барысында Валерий Меладзе Ержан тек қазақша сөйлегендіктен, онымен жұмыс істеу қиындау екенін айтқан болатын. Бірақ қиындау болса да, ол соған тұрарлық талант деп бағалады. Сондықтан Меладзе Ержанмен біраз қазақша сөйлесе бастапты.
«Валерий Меладзе Ержанға: «Кел қасыма отыр, айналайын» дейтын. Бағдарлама эфирінде тек «айналайын» дегені ғана естіліп қалыпты. Ол кісінің қазақ тілін қайдан үйренгенін сұрадым. «Маған қазақ тілін Батырхан үйретті»,- деп жауап берді»,- дейді Гүлмира Әлібек.
Тағы оқыңыз: Ержан Максимнің әкесі ұлының шоудан кейін не істейтінін айтты
Оның айтуынша, байқау барысында Ержанға көптеген әндер ұсынылған. Алайда Ержан Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы әнді орындаймын деп шешіпті.
«Бірнеше ән ұсынылды. Біреуінде акцент болса, енді бірі даусына келмейді. Ержан кішкентайынан жоғары диапазонды әндерді жақсы көреді. Ержан Димаштың ізін қуып келе жатқан інісі деп ойлаймын. Өйткені барған жерінде Димашты аузынан тастамайды. Димаштың репертуарындағы әндердің көбі ұнайды. All by Myself пен Adagio әндерін таңдады», — дейді әншінің анасы.
Гүлмира Әлібектің айтуынша, «Голос. Дети» ұйымдастырушылары бұл әндердің бала үшін қиын екенін айтқан. Алайда Ержан айтқанынан қайтпай, мамандармен жұмыс істеп, дайындалыпты.
«Валерий Меладзе Ержан Adagio-ны айтқанда, даусына зақым келеді деп уайымдайтын. Көзіне жас толатын. Көптеген адамдар Валерий Меладзенің бала үшін мұндай қиын ән таңдауы дұрыс емес деген пікір жазып жатыр. Ол кісінің ешқандай кінәсі жоқ. Ержан осы әнді айта алатынына сенімді болды. Айтып бере алды деп ойлаймын», — дейді ол.
Ержан Димаштың әндерін тыңдағанда шабыттанатынын айтады. Димашпен бірге өнер көрсетуді армандайды екен.
«Славянский базарда екеуіміз бір сахнада өнер көрсеткенбіз. 10-15 баланы іріктеп, өзінің «Бақытты бала» атты байқауына қатыстырды. Мен сол байқауда бас жүлде алдым. Осы жылы байқауға қонақ болып барамын»,- дейді Ержан.
Гүлмира Әлібек жүргізушінің «Голос. Дети» байқауында Микелла Абрамованың жеңіске жетуіне қаражаттың көмегі болды ма деген сауалына да жауап берді.
«Алсу өте қарапайым, өзі де, қызы да өте жақсы. Ақшам бар деп, шалқайып жүретін кісілер болады ғой. Ондай мінезін байқаған жоқпыз. Бірге отырып, бірге тамақ ішіп, әңгімелесіп жүретінбіз. Ақша жағы көмектесті деп айта алмаймын. Мүмкін халық, шынымен, солай дауыс берген болар»,- деді Гүлмира Әлібек.
«Жеңбегенім жақсы болды»
Ал Ержан Максимнің өзі жобада Бас жүлде алмағанына қуанышты екенін айтты.
«Бас жүлде алсам, құттықтап қоя салатын еді. Жеңбеген соң, адамдар қолпаштап, көп адам танып, әншілер өз парақшаларына менің суреттерімде салып жатты. Бұл мені өте қуантты. Біреулері екінші орын үлкен дәреже екенін айты. Енді бірі сен мен үшін жеңімпазсың деп жазды», -дейді жас әнші.
«Жұрттың бәрі күлді…»
Гүлмира Әлібек Ержанның бойындағы дарынды қай кезде байқап, ұстазға апарғанын айтты.
«Жолдасым 40 жасқа толғанда, Ержан бесте еді. Тойда ана және әке туралы екі ән айтып берейінші деді. Кішкентай болғаннан кейін шатасып кетер деп алдын ала «плюс» жаздыруды ұсындық. Бірақ ол: «жоқ мен өзім айта аламын» деді. Әнді ортаға шығып айтқанда, еш қысылмады. Еркін әрі таза орындап берді. Сол жердегі музыканттар келіп, Ержан «плюспен» айтып тұр ма әлде «минуспен» айтты ма деп сұрады. Бәр таңғалып, Ержанды вокалға апаруға кеңес берді. Сол кезде шешім қабылдадық», — дейді Ержаның анасы.
Туған күннен кейін бір-екі күн өткен соң, мәдениет үйінің ән үйірмесіне апарған. Ержанның әнін тыңдаған педагогтар да таңғалыпты.
«Ол «Балдәурен» деген байқауға қатыстырып көрейік деді. Оңай әндерді ұсындық. Бірақ Ержан оларды ұнатпады. «Туған ел» деген күрделі әнді бердік. Әріп те танымайды ғой ол кезде. Тыңдап отырып, сөзін жаттап, сол байқауға қатысып, екінші орын алды. Осындай қиын әнді сахнадан да көрінбейтін кішкентай бала, айтып бергенде жұрттың бәрі күлді. Бірақ өнеріне тәнті болып, қол шапалақтады»,- дейді Гүлмира Әлібек.
Тағы оқыңыз: Ержан Максим ән айтып жатқан кезде стақан сынып кетті — видео
Ержанның өнер жолы осы байқаудан басталыпты. Облыстық, республикалық байқауларда шыңдалып, жоғары деңгейге жеткен.
Ержанның отбасы
«Ержанның атасы кезінде ән айтқан. Әлі күнге дейін гормошка, домбырамен ән айтады. Менің әкем де аккордеонда ойнап, ән шырқайды. Жолдасым да, мен де, қыздарым да кәсіби музыкант болмағанмен, хабарымыз бар»,- дейді Ержанның анасы.
Ержанның ата-анасы баласының өнердегі қадамдарын қолдау үшін мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен.
«Мен — психологпын. Мамандығым бойынша қызмет істедім. Қазір Ержан өнер жолына келгелі жұмысымды қойып, Ержанмен жүрмін. Әкесі де Ержан үшін жұмысын қойды. Бірақ қосымша жұмысы бар, такси жүргізушісі болы істейді. Ержанның екі әпкесі бар. Ержан дүниеге келгенде бәрі әнші туды деп айтқан болатын. Өйткені даусы зор болды. 3 жасында кез келген әнге қосыла кеткенде, таңғалып отыратынбыз. Достарымыз өте талантты деп айта бастады», — деді Гүлмира Әлібек.
Ержанның алдағы жоспары
Ержан маусым айында өтетін МУЗ-ТВ арнасының сыйлығына шақырту алған.
«Арман Дәулетяров өзі хабарласты. Қазір Америкадамын, көріп, естіп жатырмын. Қазақ бауырымның осындай үлкен қошеметке бөленіп жатқанын естіп, өте риза болдым деді. Жазда МУЗ-ТВ премиясына шақырды. Ол осы құрметке лайық. Димаштың да осы концертке қатысатынын естігенбіз. Шақырғанда төбеміз көкке жетіп, сенбей қалдық. Мен сіздермен біргемін. Әрқашан қолдаймын деді. Ержанның өзі жеке ән орындауы тиіс», — дейді әншінің анасы.
Жобадан соң Ержанға бірнеше ұсыныс түскен екен. Қазір ол отбасымен бірге таңдау жасауда.
«Лондоннан хабарласты. Британияның Х-фактор жобасына шақыртып жатыр. Ойланып отырмыз. Сабақтары қалып қойды. Оның үстіне, Ержанның ағылшын тілін оқуы керек. Енді басты мақсат –Ержанды музыкалық мектепке беріп, білімін шыңдау. Түсіп жатқан ұсыныстадыр отбасымызбен, мамандармен ақылдаса отыра, шешім қабылдаймыз. «Голос. Дети» бағдарламасынан бөлек, Юнайтед деген компаниямен бір жарым жылға келісімшарт жасадық. Оның аясында жоба финалистері турл жасайды. Жоғары көтерілгені жақсы ғой, бірақ елімізде болса екен. Әлі кішкентай, даусы сынады дейді ғой. Сондай кездерден өту керек. Есейе келе көре жатармыз», — дейді Гүлмира Әлібек.
Ержанның өзі 2 ай бойы сабаққа бармағанын айтады.
«Бәрін сағындым. Апайым хабарласып, құттықтады. Сыныптастырым да ерекше құттықтап жатыр. Көп алғыс айтамын», — дейді Ержан.
Ержан бағдарламаға Алла Пугачева сыйлаған алқамен келген. Мәдениет министрімен кездесуде IPad mini планшетін алғанын айтты. Оның алдында «Голос. Дети» жобасында Samsung планшетін сыйлаған. Евровидение-де Samsung телефонын алыпты. Бірақ Ержан Iphone-ды өзім алдым деп күледі.
Айта кетейік, 26 сәуірде Ресейдің бірінші арнасында «Голос. Дети» шоуының финалы көрсетілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Ал қазақстандық әнші Ержан Максим екінші орын иеленді. Бірақ көрермендер финал әділ өтпегенін айтып, шу шығарды.
Көптеген ресейлік әртістер қазақстандық әншіге қолдау білдіріп, оны нағыз жеңімпаз деп білетінін айтты.
sputniknews.kz