Ержан Максим Алсудың қызымен қандай қарым-қатынаста екенін ашық айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Ресейлік «Голос.Дети» шоуында екінші орынды еншілеген қазақстандық жас әнші Ержан Максим әнші Алсудың қызымен қарым-қатынасы туралы айтты.

Ержан Максим Алсудың қызымен қандай қарым-қатынаста екенін айтты

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TalkLike бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетсек, Алсудың қызы Микелла Абрамова «Голос.Дети» шоуында жеңіске жеткеннен кейін басы дауға қалған еді. Көрермендер жобадағы дауыс беру жүйесінің әділдігіне күмән келтірді.

Ал Ержан Максим шоудан кейінгі дауға қарамастан, Микелла Абрамовамен достық қарым-қатынаста екенін айтты.

«Қазір бәріміз доспыз. WhatsApp мессенджерінде «Голос.Дети» деп аталатын тобымыз бар. Сол жерде бір-бірімізбен араласамыз. Мен өзіме көптеген дос таптым. Ол Миша Григорян, Роберт Багратян, Нино Чеснер, Микелла Абрамова, Иван Стариков, Ислам Балкоев», — дейді Ержан. 

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық Group-IB компаниясы «Голос. Дети» байқауындағы дауыс санын қайта тексеріп, кибершабуылдар мен сандық тексерулерді жүзеге асырады.

Компания мамандары тәуелсіз тергеу жүргізіп, телефон қоңыраулары мен SMS-хаттарды санайды. Өзге де технологиялық қабылдауларды есепке алады. Шоудың дауыс беру жүйесін тексеру үшін бір аптадан бір айға дейін уақыт қажет. 

«Голос. Дети» шоуының финалы мен суперфиналы 25 сәуірде өтті. Екі кезең бойынша Абрамова ең көп дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның тәлімгері әнші Светлана Лобода болған еді. Желі пайдаланушылары байқаудың қорытындысын сатып алынған, ал өнері — масқара болды деп шулады. Абрамованың финалда орындаған әндері желіге жүктелген екі сағат ішінде 4,6 мың дизлайк жинап, ұнату белгісін басқан адамдар саны 862 ғана болған.

stan.kz