«Ертіс орманындағы» өрт оқшауланды

0

«Ертіс орманы» орман шаруашылығындағы өрт оқшауланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Алдын ала болжам бойынша, өрт аумағы 850 гектарды құрады.

Кеше Абай ауданында да орман өрті орын алды.

8 маусымда Төтенше жағдайлар министрлігі Абай ауданында шамамен 30 мың гектар аумақты алып жатқан өрт туралы хабарлады. Алайда 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусым күні түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшпақ болғанын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды.

10 маусымда Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты. Сол күні түнде Төтенше жағдайлар министрлігі Абайдағы өртті сөндіруге Алматыдан және тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін хабарлады.

Кейін Абай ауданында жоғалған орманшылардың барлығы (14 адам) қаза тапқаны белгілі болды.Адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тоқаев 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Абайдағы өртке қатысты Ильин, Экология министрі Зүлфия Сүлейменова, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтен жауап алынатынын айтты.