Ертіс өңірінің білім нысандарында қосымша 3,5 мың бейнекамера орнатылады

0

Фото: Автор

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы тапсырманы орындау үшін Ертіс өңірінің білім беру ошақтарында қосымша 3,5 мың бейнебақылау камерасы орнатылады.

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының өкілдері хабарлады. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балабақшалар мен мектептерде бейнеқадағалау камераларын орнату бойынша шаралар қабылдау мақсатында келер жылы Павлодар қаласының барлық балабақшалары, мектептері мен колледждерінің ішкі үй жайларына, Екібастұз және Ақсу қалаларында қосымша 3,5 мыңнан аса бейнебақылау камералары орнатылмақ.

Павлодар облысының білім беру объектілерінің барлығы бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Қазіргі уақытта 7859 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр, оның ішінде мектептерде – 4149, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында – 2414, колледждер мен басқа білім беру мекемелерінде – 1296 бейнебақылау камерасы орнатылды.

«2019 жылы Павлодар қаласының барлық балабақшалары, мектептері мен колледждерінің ішкі үй жайларына, Екібастұз және Ақсу қалаларында қосымша 3,5 мыңнан аса бейнебақылау камералары орнатылады. Бұл игілікке 130 млн. теңге бөлінеді. Ал 2020 жылы ауылдық білім беру ұйымдарына 59 млн теңгеге 1600 құрал орнатылады деп жоспарлануда», — дейді сала мамандары.

Облыс орталығындағы балабақшалардың барлығы бейнебақйлау жүйесімен қамтылған. Мәселен, №49 сауықтыру балабақшасының іші-сыртында 29 камера жұмыс істеп тұр.

«Ал ғимараттың сыртында 11 камера орнатылған. Балабақша сауықтыру типіндегі нысан болғандықтан, балалардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылады. Оған қоса, біз тәулік бойы жұмыс істейміз. Балабақшада 106 ұл-қыз тәрбиеленсе, олардың жартысы тәулік бойы қалуы мүмкін. Сол себепті, камералар барлық бөлмелерде орнатылған. Бейнежазбалар 30 күн бойы сақталады. Ата-аналар кез келген уақытта келіп, балаларының не істеп жатқанын көре алады», — дейді балабақша басшысы Жанат Смағұлова.

Айта кетейік, облыста 421 мектепке дейігі ұйым бар. Бұл нысандарда 40 мыңға жуық бала тәрбиеленеді. 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту 77,7%-ды құрайды, 2-ден 3 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші – 56,7%.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ