Ертіс өңірінің билігі аудандағы су қымбатшылығымен күреспек

0

Фото: Автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Беловод топтық су құбырынан тіршілік нәрін тұтынатын Павлодар облысы Ертіс ауданындағы тариф 381 теңге көлемінде бекітілген. Бұл облыс орталығындағы тарифтен 10 есе көп. Халық наразылығынан соң аудан басшылығы қымбатшылықпен күреспек ниетте.

Қиындықтың туындауына тариф себеп. Сала мамандарының айтуынша, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бұйрығына сәйкес осы жылдың сәуірінен бастап, судың текше метрі үшін 380,97 теңге көлемінде тариф бекітілген. Бұл тым қымбат болғандықтан, аудан әкімдігі жарты ғасыр бұрын қолданыста болған су қондырғысын қайта іске қосты.

«Жағдайдың қалыптасуына Беловод топтық су құбырының мемлекет тарапынан субсидияланатын сумен жабдықтеу жүйелері тізіміне енгізілмеуінде жатыр. Сол себепті қазіргі таңда стратегиялық нысанның жұмысы тоқтатылды. Яғни, бұрынғы сумен қамту кәсіпорнын іске қостық. Бүгінде аудан орталығына таратылатын су тазартылады, яғни, тұрғындар сапалы ауызсуды тұтынады. Бүгінгі күні бір млрд. теңге бөліп, бес ауылды су құбырларымен қамтыдық. Бір ай бойы жұмыс істеп тұр, төлем бойынша мәселелер туындаған жоқ. Судың бір текше метрі – 124 теңге», — дейді Ертіс ауданының әкімі Серік Батырғужинов.

Айта кетейік, Беловод топтық су құбыры ауданның 17 елді мекенін ауызсумен қамтуға тиіс. Бүгінде тариф қымбатшылығына орай жұмысы тоқтап тұр. 2 млрд. теңгеге салынған страгетиялық нысан 10 жыл бойы салынған.

Субсидия мәселесі шешілмейінше, 13 мыңнан астам ауыл тұрғыны тіршілік нәрін өзеннен және аулаларындағы құдықтан ала береді.

Аудан әкімі тариф қымбатшылығын болдырмау мәселесі күн тәртібінен түспегенін айтты. Ал халықты сапалы ауызумен қамту ісін оң жолға қою мақсатында өңірде жаңа коммуналдық кәсіпорын құрылмақ.

«Ертіс аудынанда 103 шақырымдық су құбыры бар. Яғни, бұның барлығына қызмет көрсету керекпіз. Алғашқы су тарату жүйесі он жыл бұрын салынған, қазіргі уақытта жөндеуді талап етеді. Жұмыс ауқымы кең болғандықтан, келер жылдың бірінші тоқсанында аранйы кәсіпорын құрылады. Бұл кәсіпорын су нысандарын қалыпқа келтіру, сүзгілерді жөндеу жұмыстарын қолға алып, бақылауда ұстайды. Кәсіпорын тек сумен қамту ісімен айналысады», — дейді аудан басшысы.

Еске салсақ, биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 37 жоба жүзеге асырылуда. Келер жылы тағы 42 жоба іске қосылып, 33 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Осылайша, 2020 жылға қарай елді мекендердің 51%-ын орталықтандырылған жүйемен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ал 2022-ші жылға дейін 70%-ға жеткізу көзделген.

Фото: Автор














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ