Ертіс өңіріндегі студенттер жауын құрт өсіруде

0
145
20 Қараша 2018, 13:30 198 0

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Павлодар ауданындағы Красноармейка аграрлы-техникалық колледжінде құрттар өсірілуде. Жәндіктер табиғи тыңайтқыш – биогумус өндіру мақсатында қолданылады.

Колледж директоры Серік Жартыбаевтың айтуынша, қызыл құрттар жылыжайларда өсіріледі. Жәндіктер С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы ғылыми-зерттеу орталығынан әкелінген. Жаңбыр құрттары органикалық қалдықтарды өңдейді, бұл үрдістің арқасында биологиялық белсенді және экологиялық таза тыңайтқыш алынады.

Табиғи тыңайтқыш ауыл шаруашылығында жоғары сұранысқа ие. Бүгінде аграрлы-техникалық колледж жанында бизнес-инкубатор бар. Қазіргі уақытта студенттер бұл бағыттағы жұмыстарын дамыту мақсатында орталықтың базасына стартап-жобаларын әзірлеп жатыр.

«Жобаны С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік унивеситетімен бірге жүзеге асырудамыз. Оған жоғары оқу орнының профессоры Болатжан Мұстафаев жетекшілік етеді. Бизнесті дөңгелетеуге арналған материалды сол азаматтан алдық. Студенттер құрттарды оңтайлы бизнес пен қаржы көзіне айналдыруды жоспарлауда. Оқытушылар тарапынан қолдау бар. Мәселен, жеке кәсіпкерлік ашу бойынша кеңес беруде. Болашақта жобаны коммерцияландырамыз. Өңделетін материалды, яғни малдың тезегін колледж жанындағы мал шаруашылығы базасынан аламыз», – дейді Серік Жартыбаев.

Серік Жартыбаевтың айтуынша, техникалық және кәсіби білім беру саласын қайта ұйымдастыру шеңберінде колледждің мәртебесі, яғни заңды формасы шаруашылық жүргізу құқығындағы мекемеге өзгертілмек. Нәтижесінде осы тектес жобалар қаражат табуға бағытталмақ.

Колледж студенттері Шолпан Қажарова мен Фариза Жампоз жаңбыр құрттарының көмегімен биогумус алу жобасын жазып, конференцияда қорғап шыққан. Болашақ агрономдар үшін бұл – игі бастама. Қазіргі уақытта жылыжайда екі мыңға жуық құрт өсірілуде.

«Бұл жоба біз үшін аса өзекті, себебі аграрлық бағытта білім береміз. Оған қоса, заман талаптарына сай болу үшін білім беру үрдісінің концепциясын өзгертіп жатырмыз. Ауыл шаруашылығы саласын экономиканың драйверіне аналдыру керек. Ал саланың қозғаушы күші заманауи құрал-жабдықтардан бөлек, бірінші кезекте – білікті мамандар. Студенттер теория мен практиканы меңгерумен қатар, кәсіпкерлік дағдыларын үйреніп алу керек. Студенттеріміз колледжді тәмамдағаннан соң қолдарына диплом алумен шектелмеуі қажет. Оқу орнын аяқтаған соң бизнестерін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дағдылану қажет», – дейді колледж директоры.

Айта кетейік, қазіргі уақытта колледжде білім беру жүйесінің менеджментін дамыту бағытында маңызды жұмыстар қолға алынады.

«Өкінішке қарай, техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің менеджменті сынға ілігуде. Мәселен, өңірде ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орындарының қатарында бала саны аз колледждер бар. Сәйкесінше, мекемелердің ғимараттары мен жатақханалары жартылай бос. Біздің колледждердегі студенттердің орташа саны – 150 балаға дейін. Әрине, салмақты себептері бар. Оған қоса, ауыл шаруашылық мамандарының мәртебесі төмен деген пікір қалыптасқан. Ал ауылдарда кадрлар тапшылығы бар. Жалақылары жаман емес. Мәселен, бір мал дәрігері 120 мың теңгенің үстінде айлық алады. Еңбек нарығының сұранысын өтеу үшін инновациялар енгізу керек», – дейді Серік Жартыбаев.

Қазіргі уақытта аграрлық колледж «Deula-Nienburg» неміс ауыл шаруашылығы академиясының тәжірибесін енгізуде. Олар дуалды білім берудің озық стандаты бойынша жұмыс істейді. Студенттер оқу үрдісінің 15%-ын сабаққа, қалған уақыттарын тәжірибеге арнайды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ