Ертіс өңірінде көне жәдігерлерді реставрациялау және ежелгі технологияларды зерттеу зертханасы ашылады
Фото: Автор
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тарихшы ғалымдары Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға серпіліс береді деген пікірде. Жетекші зерттеушілердің пайымдауынша, Павлодар облысында Қимақ қағанатының астанасы орналасқан. Бұған көшпелілер өркениетінің болғанын дәлелдейтін көне артефактілер дәлел.
Ежелгі қалашықтардың іздері, ата-бабаларымыздың тұрмысынан хабардар ететін жәдігерлер қоры жыл сайын молайып отырады. Құнды тарихи жәдігерлер Марғұлан археологиялық-зерттеу орталығында жинақталып, тыңғылықты зерттеледі. Бұл ғылыми орталық 18 ғасырда қазақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде дипломат, батыр болған Сұлтанбет Бахадүр сұлтан тұрған үй-жайдың көшірмесінде орналасқан.
Марғұлан орталығының маманы этнограф Еңлік Әбеуованың айтуынша, ғимарат Ресейдің Омбы, Санкт-Петербург және Орынбор қалаларындағы мұрағаттардан табылған құжаттар негізінде салынды. Бүгінде ғалымдардың қолында тарихи тұлғаға қатысты 400-ден астам құжат бар. Мәселен, қытайлық және патшалы Ресейдің дипломаттарымен жазысқан ресми хаттар, сұлтанның мөрі бар.
«Биыл ғалымдар тобы қазба жұмыстарынан олжалы оралды. Қазақ хандығының орталығы болған Әулиекөл жерінен көне тиындар мен өзге артефактілерді таптық. Көне қалалардың іздері бар, ғимараттардың іргестастарының кірпіштері бар. 500 жылдық тарихы бар жәдігерлер қазақ даласындағы өркениеттің болғанын айғақтайды. Сонымен қатар, Баянауыл ауданындағы қорымдарда қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде екі мыңнан астам жыл бұрынғы бесік, молаларды таптық. Олардың барлығы жан-жақты зерттеледі. Президенттің мақаласында айтылған бағыт-бағдарлар осы зерттеу жұмыстарымызбен сәйкес келіп отыр», — дейді Еңлік Әбеуова.
Елбасы мақаласында ата-бабаларымыз Еуразия құрлығының саяси-экономикалық тарихына түбегейлі өзгеріс енгізгені туралы жазылған. Соның дәлелі ретінде Павлодар облысының Май ауданынан табылған ортағасырлық батырдың сауыт-сайманын атауға болады.
Марғұлан орталығының қызметкері Әлібек Қабылдиновтың айтуынша, көне сауыт Ертіс экспедициясы барысында табылған.
«Сауыт-сайманды киген батыр 9-11 ғасырда өмір сүрген. Бұл — әскери киім Еуропа құрлығында қолданылған сауыттардың прототипі. Алғаш рет көшпенділер өркениетінде пайда болып, кейін өзге елдердің әскерилері киген. Өте ыңғайлы сауыт, себебі соғысқа аттанған батыр оны кию үшін сырттан көмек іздемейді. Ал еуропалықтардың сауыттарын кию үшін міндетті түрде көмекшісі болған. Оның салмағы – 25 келі», — дейді Әлібек Қабылдинов.
Жәдігерді қалыпқа келтіруге үш айдай уақыт кеткен. Реставрация барысында 1000-ға жуық темір пластина мен қайыс қолданылған.
Қолдағы бар жәдігерлерді тереңнен зерттеп, жұртшылыққа таныту мақсатында ғылыми орталықта материалдық құндылықтарды реставрациялау және көне технологияларды зерттеу орталығы ашылмақ. Қазіргі таңда мамандар саны жеткілікті. Шетелдік ғалымдар тобы да атсалысуға әзір. Олардың қатарында еліміздің танымал реставраторы Крым Алтынбеков, көне маталарды зерттеуші украиналық археолог Татьяна Крупа бар.
Фото:Автор
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ