Ертіс азаматтарының еліне сыйы
Фото: автор
Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «Мектебіме тағзым» науқаны аясындағы игі істер атқарылуда. Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылының азаматтары ауыл мектебін жөндеуден өткізіп, білім ордасын заманауи құралдармен жабдықтаған.
Бүгінде Қожамжар ауылында 700-ден астам тұрғын тұрады. Өткен ғасырдың басында салынған ауыл мектебіне ағартушы Жармұхамед Тленшиннің есімі беріліп, 145 жылдығы аталып өтілді. Сондай-ақ, ғұмырын мұғалімдікке арнаған жандардың құрметіне 10 кабинетке есімдері берілді.
Бұған дейін ауыл азаматтарының атсалысуымен елді мекенде мешіт пен асхана бой көтерген. Сонымен қатар, биыл жол бойындағы бұлақ көздері тазартылып, орындарында екі құдық салынды. Енді кез келген жолаушы тоқтап, тіршілік нәрін іше алады.
«Ертіс өзенінің жағасында әулиелі бұлақ бар. Бұлақ күз түскен бойда қатып қалып, қыста жабылып қалатын. Олқылықтың орны толтырылды. Жомарт жандардың бастамасымен бұлақтың аумағында тереңдігі сегіз метр болатын бұлақ қазылды. Суы тұщы құдықтың игілігін ауыл тұрғындары мен жолға шыққан жолаушылар көреді», — дейді Қожамжар ауылының тумасы Жұмабек Қамзин.
Игі іске 50-ден астам ауыл азаматы атсалысып, қомақты қаржы бөлген.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ