Ертеңгі митингке қатысушыларға қатаң шара қолданылады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы мен оның жақтастары 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, азаматтарды қатысуға шақыруда

НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Қазақстанның бас прокуратурасы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының наразылық акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.

«Әлеуметтік желілерде сотпен экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы мен оның жақтастары 2019 жылғы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, азаматтарды қатысуға шақыруда», – деді бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев халыққа арнаған үндеуінде.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, аталған ұйым мүшелері аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелде сот төрелігінен жасырынып жүр.

Олар тұрғындарды заңға қарсы іс-әрекеттерге айдап салып, адамдардың қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне залал келтіру, қоғамның қалыпты тіршілік әрекетін бұзу қаупін туындатуда.

«Бұл тұлғалардың қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатер төндіретін іс-әрекеттеріне жол берілмейді және олар шектеледі. «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабына сәйкес экстремистік ұйымдарды тарта отырып, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге, олардың белгілерін пайдалануға, экстремистік материалдарды таратуға жол берілмейді», – дейді ол.

Болат Дембаев осыған байланысты экстремистік ұйым бастаған рұқсатсыз наразылық акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданылады дейді.

Заңсыз акцияларға қатысу фактілері расталған жағдайда құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған (50 АЕК-ке дейін айыппұл, 15 тәулікке дейін қамаққа алу).

«Егер осы іс-әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулі зиян келтірсе, ол қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады (Қылмыстық кодекстің 400-бабы – рұқсат етілмеген акцияларды ұйымдастыру және қатысу, егер бұл іс-әрекеттер елеулi зиян келтiрсе)», – дейді Дембаев.

Бас прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында азаматтарды арандатушылық шақыруларға берілмеуге және экстремистік ұйымдардың заңсыз акцияларына қатысудан бас тартуға шақырады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз