«Ертең кеш болады»: Сарапшы Росатоммен бірге АЭС салуда қауіп барын ескертті

0
63
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстан қай елмен, қай елдің технологиясымен атом электр станциясын салады? Дәл осы сұраққа келгенде энергетик маман Бекжан Әлімқұлов басқасы басқа дәл Росатоммен істесуде үлкен қауіп барын ескертеді. Ulysmedia.kz порталына пікір білдірген ол аталған мәселеге халық көңіл бөлмесе, елге тиімсіз шешім оңай қабылданып кететінін айтады.

«Маңызды мәселелер бойынша ресми шешім қабылданбастан бұрын, халыққа жаңалықтар арқылы түрлі сарапшылардың ойы ұсынылады. Халық көңіл бөлмесе немесе қолдап жатса шешімді еш қиындықсыз қайта батырлықпен қабылдана береді», — дейді сарапшы.

Бекжан Әлімқұловтың айтуына қарағанда, жақында Басньюс порталында  АЭС мәселесі бойынша екі сарапшының ойы шыққан. Энергетика саласының сарапшысын Корея елінің технологиясына басымдылық берсе, екінші саяси сарапшы Росатом дұрыс болады деген ой айтқан.

«Егер осындай жаңалықтарға халықтан реакция болмаса, ертең Росатом АЭС салатын консорциумның байбатшасы болып жатса таң қалмаңыз. Қазіргі болып жатқан геосаяси жағдайда бұндай шешім стратегиялық және имидж жағынан үлкен қателік болады деп ойлаймын. Біріншіден, АЭС ертең КТК сияқты саяси құралға айналмайтынына кім кепіл? Екіншіден, Росатом қазір санкцияланбаған компания болғанымен ертеңгі жағдайына кім кепіл? Ресей қазір әлемнің ең «токсичный» еліне айналды, абыройы бар елдер, компаниялар және адамдар бұлардан аулақ тұруға тырысып жатқанда біз солармен кемі жүз жыл АЭС бойынша тәуелді болатын контракт жасап жатсақ елдің имиджі не болмақ?» — деп ескертеді Бекжан Әлімқұлов.

Энергетика маман саяси сарапшының «Росатом АЭС соқса Қазақстан 10-15 млрд доллар үнемдейді дегені атом саласынан хабары алшақтау екенін» көрсететінін айтады.

«Кәрістер Біріккен Араб Әмірліктерінде 4 блокты 20 млрд долларға соғып берді. Демек бізге қажет 2 блокты салу 10-15 млрд доллар айналасында болады. Соңғы жаңалықтарға сүйенсек кәрістердің құны ең төмендердің бірі болып саналады. Және ресейліктер отын жасайтын технологияны бізге бермейтінін айтса, кәрістер ол технологияны бөлісуге дайын екенін мәлімдеген. Егер Росатоммен партнер болуға қарсы болсаңыз, бөлісіңіз! Ертең кеш болады», — деп түйді Бекжан Әлімқұлов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов «АЭС технологиясын таңдарда Росатомның санкцияға іліну ықтималдығын ескереміз» деп мәлім еткен болатын.

Ал Ulysmedia.kz порталына мұның алдында сұхбат берген Бекжан Әлімқұлов АЭС мәселесіне келгенде Үкіметке халықтың 100% сенімі керек деп есептейтінін айтқан еді.