«Ертегілер елінде жүргендейміз»: Қыдырәлі мен Қарақаттың тойы желіде талқыланып жатыр
Мереке күні қарсаңында жұлдызды жұп Астана қаласындағы Барыс Арена спорт кешенінде «Ұлытау» тобының 25 жылдығын атап өткен болатын. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мерекелік концерт жұлдызды жұптың қыздары Аяланың тілашар тойымен жалғасты. Тойға дейінгі дайындықты Қарақат Әбілдина айтып берген болатын.
«Ең бірінші тойымыз “Ұлытау” тобының концерті болса, екінші тойымыз Аяламыз биыл мектепке барды. Айзадамыз үш жасқа толды. Жалпы үйдегі гүлдерімізге, қыздарымызға ерекше ықыластан туған ой болатын. Оның үстіне мектеп табалдырығын аттағандықтан ол да бір өміріндегі маңызды, елеулі жайт. Қызымыздың балалық шағынан естелік болсын қалсын деген ниетпен жақындарымыздың басын қоспақшымыз», – деді.
Той бас қаладағы қымбат мейрамханада ертегі стилінде өтті. Той барысында Аяланың құлағын тесіп, сырға салынды. Тойға келген қонақтар “қолданыстан шығып бара жатқан құлақ тесу дәстүрін жаңартты”, – деп ризашылық білдіріп жатыр.
Тойға келген кеш қонақтары да құралақан келмепті. Кішкентай той иесіне түрлі қымбат сыйлықты үйіп төкті. Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева жұлдызды жұппен 25 жылдық достығын тілге тиек етіп, “шоу-бизнестің жарқын бейнесі” деп атап, Қыдырәліге жылқы мінгізді. Той иелері тойбастар тартып, қыз-келіншектерге алтыннан шашу шашты.
Тойдағы айтқан қонақтардың тілегі де тебірентті. Әнші Сәкен Майғазиев: “Мемлекеттік қызметте жүрген кезде “жала жауып” басыма іс түскенде ең бірінші болып қолдаған Қыдырәлі аға болатын. Дұшпанның айқайлағаны емес, досыңның үндемегені қиын екенін сол кезде түсіндім. Адал дос бола білген ағамыздың тойы құтты болсын”, – деп сөзін түйіндеді.
Сонымен қатар тойда өнерлі жұптың ұлдары да ән салды. Той кейіпкері Аяла Қыдырәліқызы “Barbie” әнін “Қарақат” мектеп-студиясының қыздарымен бірге шырқады.