Ернар Айдар: 3 мың теңгелік те, 300 000 теңгелік те киім кие беремін — Қазақстан жаңалықтары
Белгілі әнші Ернар Айдар Ләйлә Сұлтанқызымен болған «The Эфир» жобасында өзінің өмірі туралы сұхбат беріп, сахналық образына қанша қаражат жұмсайтынын айтып берді, деп жазады Stan.kz.
Әңгімені сахналық киімнен бастаған Ләйлә Сұлтанқызы Ернардың киімге қанша ақша жұмсайтынын сұрап көрді.
«Концертке дейін киімге, басқасына бас қатырмайтынмын. Тек сахналық киімді киесің де дайындала бересің. Бірақ, қазір киімге көп қаражат жаратып жібердім. Биылғы көктемды осы киімдермен өткізейінші деп алдым. Сіз шақырады дегеннен кейін бүгін осылай арнайы киім алып, дайындалып келдім. Негізі, мен қандай киім болсын өзімді жақсы сезінсем, ол өзіме ұнап тұрса соны киемін. Енді ол қатты қымбат болмауы керек. Кейде қымбат болса да аласың. Мысалы, Долче Габбананың киімі»,- дейді Ернар Айдар.
Оның сөзінше, ол сұхбатқа киіп келген киіміне шамамен 200 мың теңге жұмсаған екен. Егер киім жарасып тұрса 2000 тұрса да алатын көрінеді.
«Жасырмаймын, бренд анау мынау деп таңдамаймын. 3000 теңгелік киімді де, 300 000 теңгелік киімді де кие беремін. Біз халықтың алдында, өнерде жүргеннен кейін әдепті жүріп, сырт келбетті әдемі ұстап жүруге міндеттіміз. Оны кейде мақтануға санап кетеді. Бірақ, менің ішімде тиіттей болсын ондай мақтаныш деген жоқ. Мен халыққа әдемі көрініп жүруім керек»,- дейді әнші.
stan.kz