Ермұрат Бапи: Әйгерім Тілеужанның соты мейлінше ашық әрі таза өтуі керек

0

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «әуежайды басып алу» ісіне байланысты пікір білдірді. Депутат бұл іс барынша ашық әрі таза өтуі керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Астанада Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алу» ісі бойынша сотталған азаматтардың адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп, соңғы сот отырысында құқықтары шектелгенін айтады.

Еске сала кетейік, аталған іс бойынша сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, журналист Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бас бостандығынан айырған еді. Қалас Нұрпейісов пен Нұрлан Дәлібаев 8 жылға сотталды. Сот үкімімен Ермұхамет Шілібаевқа пен Жанайдар Кәрменов те 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Кешегі адвокаттары ээды сот процесіне кіргізбеу, артынан алдау, неше түрлі саяси алаяқтыққа барған жағдай бола берсе, бүгін-ертең Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты бұған өзінің бағасын беруі керек. Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот кеңесі де. Ұзаққа созуға болмайды. Әйгерім Тілеужанның бұл ісі саяси іске ұласып бара жатыр. Сот органдары бұл істердің дұрыс, адал, түзу өтуіне қаншалықты кедергі келтірсе, Қазақстанның имиджіне, президентіне, билігіне, Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдайға соншалықты кедергі келтіреді деп ойлаймын. Бұл мүмкін тіпті әдейі істеліп жатуы да мүмкін. Сондықтан Парламент депутаты ретінде, азамат ретінде Жоғарғы соттан, Жоғарғы сот кеңесінен қоғам алдында шұғыл түрде жауап беруін сұраймын», — дейді Ермұрат Бапи іс-шараға онлайн режимде қатысып.

Депутат Әйгерім Тілеужанның соты мейлінше таза мейлінше ашық өтуі керек деп есептейді.

«Яғни айып тағылған екен. Бұл айыптың анық-қанығын анықтап, Айгерім оған қатысты ма, жоқ па – соның бәрін ашық көрсету керек», — дейді ол.