Ермек Тұрсынов: Ақан Сатаев — режиссёр емес, ол саудагер
Қазақ кино режиссері, сценарист, жазушы Ермек Тұрсынов әріптесі Ақан Сатаевтың кәсібилігіне баға берді. Айтуынша, ол режиссер деген атқа лайық емес.
Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтып берді.
«Менің көзқарасым — Сатаев режиссер емес. Ол — саудагер. Режиссер деп жүргенім ол Сатыбалды Нарымбетов, Айсұлтан Сейітов деген жас жігіт шықты, Абдоллалар, Мәжиттер, әрине — солар режиссер. Ал Ақандай режиссерлер көп қой кез келген мемлекетте. Олар режиссерлер емес, олар саудагерлер. Солардың арасына мен Тимур Бекмамбетовті қосар едім. Ол да — саудагер.
Ол көбіне кино саласында жүрген коммерсант. Олар —бизнесмендер. Түсінесіз бе? Олар суреткерлер емес. Суреткер дегеніміз — қиналып, ізденіп жүрген, өзінің тақырыбын әбден бейімдеп алған, бір жаңалық ашқан, көрерменіне серіктес, мұңдас ретінде қарайтын адам. Сол ғана суреткер. Ал бұлар тек қалта ретінде қарайды», — Ермек Тұрсынов.
Әрі қарай жазушы отандық режиссер Ақан Сатаевтың туындыларын сынға алды.
«Сондықтан олар кез келген тақырыпқа жүгіне береді. «Рэкетир» болсын, «Финансист» болсын, «Еркек» болсын», Елбасы туралы кино болсын, «Томирис» болсын, тарихи кино болсын. Кез келген тақырыпқа түсіре береді ғой. Сен шебер болсаң, кез келген нәрсеге шебер бола бермейсің ғой. Бір тақырыпты сен басынан аяғына дейін меңгеріп алшы. Содан кейін көре жатармыз», — деп қорытты сөзін.