Ермек Нарымбаев Алматы әуежайында ұсталды — прокуратура

0

Алауыздықты қоздырғаны үшін сотталған Ермек Нарымбаев Алматы әуежайында ұсталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық прокуратураға сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Нарымбаев Алматы Халықаралық әуежайында Киев қаласынан келгеннен кейін ұсталған.

«Ол іздеуде жүрген. Айта кетейік, Нарымбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бап «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бойынша ұсталған болатын. Сот үкімін орындау мақсатында Ермек Нарымбаев тергеу изоляторына қамауға алынды», — делінген хабарламада.

Еске салайық, Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев 2015 жылдың 12 қазанында ұсталған болатын. Оған себеп — олардың әлеуметтік желілерде ұлттық ар-намысты және қадір-қасиетті қорлау, ұлттық ар-намысты қорлау белгілері бар ақпаратты таратуы туралы ақпарат болған. Олардың тұратын жері бойынша прокурор санкциялаған тінту жүргізілді, соның нәтижесінде заттай дәлелдемелер алынды.