Ерлан Тұрғымбаев Шидерті ауылындағы жағдайға шүйлікті
Қысқа сілтеме алу
Ерлан Тұрғымбаев Nur Otan партиясында қоғамдық қабылдау өткізді
НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Nur Otan партиясында қоғамдық қабылдау өткізді. Оған Павлодар облысынан арызданушылар көп болды. Осыған байланысты министр облыстық департаментке ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрге арызданған азаматтардың ішінде Шидерті ауылының тұрғыны Найляна Имашева да болды. Үйінде газ баллоны өзімен-өзі жарылғаннан кейін оның барлық отбасы мүшелерін қатты күйік шалды. Бірнеше күннен кейін әке-шешесі қайтыс болды. Ал қызы екеуі 60-70 проценттік күйікпен мүгедек болып қалды. Ол үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ. Газ баллон толтырған станция да жауаптан құтылып кетті.
«Бұйрық дайындаңыздар, жұмыс орнынан босатуға дейін шара қолданамыз. Бұл – нағыз шектен шыққандық», — деді Тұрғымбаев өз әріптестеріне.
Осыдан кейін ол бейнебайланыс арқылы Павлодар облысының ішкі істер департаментінен оқиғаның мән-жайын сұрады. Департамент басшысы еңбек демалысына шыққан екен. Оның орнына бірінші орынбасары жауап берді. Министр бастықтың қай кезде жұмысқа шығатынын білгеннен кейін арнайы тексеріс жіберетінін жеткізді.
Тағы оқыңыз: Ішкі істер министрі әйел зорлағандарға жазаны күшейтуге қатысты пікір білдірді
«Мен осы мәселеге қатысты үлкен тексеріс жіберемін. Сондықтан бастығыңа үлкен сәлем айт. Сосын арнайы бұйрықты дайындай беріңдер. Осы мәселеге жауапты адамдарды жұмыстан босататын боламыз. Екі адам қайтыс болды. Тағы екеуі қатты күйіп қалды. Сонда кінәлі адамдар жоқ па? Сараптама жоқ. Ештеңе жоқ. Ашығын айтайын, Павлодардың жұмысына көңілім толмайды. Бүгін біраз адам келді. Бірақ реакция жоқ. Сіздерде заңсыздық көп», — деп атап көрсетті Тұрғымбаев.
sputniknews.kz