Ерлан Тұрғымбаев әйел зорлағандарға жазаны күшейтуге қатысты пікір білдірді
Қысқа сілтеме алу
Ішкі істер министрлігі қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер әзірлеп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев зорлау қылмысы үшін қарастырылған қолданыстағы жаза айтарлықтай қатаң деп есептейді.
«Негізі, бізде зорлау мәселесі бойынша барлығы нормативтік тұрғыда бекітілген. Ол жерде өте қатаң жаза қарастырылған. Мәселе мынада, әрбір оқиғаны жеке-дара қарастыру қажет. Соған қарай жаза тағайындалады. Меніше, зорлау – бұл аса ауыр қылмыс. Аталған қылмыс әйелдің ар-намысын қорлап, азаматтық құқықтарын бұзады», — деді Тұрғымбаев бүгін журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, бас прокуратура ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп жатыр. Соның ішінде түрмелердегі зорлық-зомбылыққа қатысты жаза да бар.
«Өткенде түрмеде болған оқиға бар ғой. Соған байланысты түрме реформасын жасаймыз. Біз шамамен 60 ұсынысты қылмыстық атқару кодексіне енгіздік. Енді, бұның барлығы министрдің бұйрығымен емес, нақты заңмен реттеледі. Осы өзгерістердің бәрі парламентте қаралады. Ал зорлауға қатысты әзірше ештеңе айта алмаймын», — деп атап көрсетті Тұрғымбаев.
Айта кетсек, пойызда екі жолсеріктің жолаушы әйелді зорлап тастаған жаға ұстатарлық оқиғадан кейін халық арасында жазаны күшейту жайында жиі айтыла бастады.
Қостанай облыстық соты бұл қылмысты топпен жасалған зорлау деп таныған жоқ. Жолсеріктер 2 жыл 6 айға сотталды. Біреуінің жазасы үйқамақта отырған мерзімі ескеріле отырып үш айға шегерілді.
Заңдағы зорлауға қатысты бапты орташа дәрежедегі қылмыстан ауыр қылмысқа ауыстыру қажеттілігі туралы құқық қорғаушылар да айтып жүр.
sputniknews.kz